Кардиолог, Қырғызстанның денсаулық сақтау министрлігінің бас аритмологы Дамир Осмонов миокард инфарктісінің себептері және тамақтанудың жүрек-қантамыр жүйесіне әсері туралы айтып берді. Sputnik Қырғызстан радиосының эфирінде Осмонов республикада жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші жоғары екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Инфаркт пен инсульттің пайда болуы себебі бірдей. Бірақ инфаркт жүректе, ал инсульт мида болады. Инфаркт - қан жеткілікті мөлшерде бармағандықтан, миокард бұлшықеттерінің жойылуы. Яғни, инфаркт кезінде жүректі қанмен "қанықтыратын" артерия толық немесе ішінара бітеледі", – деді дәрігер.
Ол артерияның бітелу себебі холестерин жиналып жарылуы немесе тамырлы ишемия екенін түсіндірді.
"Қабырғаларда холестериннің жиналуына байланысты ишемия болып немесе тамырлар тарылады. Холестерин дұрыс тамақтанбау немесе метаболизм бұзылуына байланысты пайда болады. Яғни, инфарктың алдын алу үшін ең алдымен дұрыс тамақтанып, белсенді өмір салтын ұстану керек. Зиянды әдеттерден арылған жөн", - деді маман.
Ол майлы тағамдар мен фаст-фуд қан тамырларына кері әсерін тигізетінін атап өтті.
"Барлығымыздың сүйіп жейтін шұжық пен қазы-қарта, шаурма, гамбургерлер, тәтті газдалған сусыннан ишемия пайда болады. Ол инфаркт пен инсультқа әкеледі. Тамақтану балансын сақтау керек: ақуыздар мен көмірсулар 50 процент (ет, картоп, макарон) және көкөніс мен жеміс 50 процент", – деді кардиолог.
Оның айтуынша, аз қимылдайтын қалалықтар үшін физикалық белсенділік маңызды, ал ауыл тұрғындары ас мәзіріне жеміс пен көкөніс қосу керек.