Президент Атырау облысында балық шаруашылығын дамытуды тапсырды
Президент Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде балық шаруашылығын дамыту жайында айтып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
"Бұл – осы аймақтың экономикасында маңызды рөл атқаратын сала. Каспий теңізі мен Жайық өзенінде балықтың түр-түрі бар. Жыл басынан бері мұнда 12 мың тонна балық ауланды. Оны өңдеу және дайын өнім шығару ісі дамып жатыр. Дегенмен, балық шаруашылығын одан әрі өркендету үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, бекіре тұқымдас балықтың санын көбейтуге баса мән берген жөн. Әлемдік нарықта оған сұраныс өте жоғары", - деді Мемлекет басшысы.
Биыл Жайыққа 8,5 миллион шабақ жіберілді. Президенттің айтуынша, бұл жұмыс жалғасуы қажет.
"Мемлекет қарамағында бекіре өсіретін екі зауыт бар. Осы кәсіпорындардың тозығы жетіп, құрал-жабдығы әбден ескірген. Зауыттарды заман талабына сай қайта жаңғырту керек. Сондай-ақ, шабақ өсіретін жоғары технологиялы жаңа зауыттар салу үшін инвестиция тарту аса маңызды", - деді ол.
Президент Жайық және Қиғаш өзендерінің тартылуы күрделі мәселе болып отырғанын айтып өтті.
"Қазір екі өзеннің сағасындағы судың тереңдігі – небәрі 30-40 сантиметр. Бұл жағдай бекіренің уылдырық шашуына кедергі келтіруде. Сондықтан, Үкімет осы өзендердің сағасын тереңдетуді қамтамасыз етуге тиіс.Құзырлы мекемелер балық қорын сақтау үшін браконьерлермен күресті күшейтуі керек. Биылдың өзінде облыста осыған қатысты 2,5 мың әкімшілік және 52 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз ауланған 14 тонна балық тәркіленді. Өкінішке қарай, осындай заңсыздық тыйылмай тұр. Бұл – табиғатты қорғауға жауапты органдардың жұмысында олқылықтар бар деген сөз", - деді Тоқаев.
Атырау облысында бекіре балығын өсіретін және қара уылдырық өндіретін екі шаруашылық бар. 2025 жылға дейін осындай тағы 8 кәсіпорын ашу жоспарланып отыр.
"Мұндай шаруашылықты дамыту үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру керек. Сондай-ақ, осы жұмыстарды атқаратын балық шаруашылығының мамандары қажет. Жастарды осы іске баулып, оларға жан-жақты қолдау көрсету өте маңызды. Сонда ғана жастар бұл салаға қызығады.Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан көмек көрсетілуі қажет. Осы аймақта балық шаруашылығын дамыту жергілікті билік үшін басты міндеттің бірі болуға тиіс. Үкімет бұл мәселе бойынша облысқа барынша қолдау көрсетуі керек", - деді Мемлекет басшысы.