Оның айтуынша, бұл - Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе
Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысы жұртшылығымен кездесуінде спорт инфрақұрылымын дамытып, оны қолжетімді ету басты міндеттің бірі екенін айтып өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның айтуынша, өңірдегі көптеген спорт нысанына жөндеу жүргізу қажет. Сонымен бірге, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу керек.
"Жалпы, көп шығынды талап етпейтін спорт түрлерін дамытқан жөн. Мысалы, шахмат, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, садақ ату, қазақша күрес, тағы басқа. Бұл қадам, ең алдымен, балаларымызды теріс әдеттен алыстатады және спорт залдарының тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді"- деді Мемлекет басшысы.
Ол әкімдікке осы шаруаларды пысықтауды тапсырды.
"Тағы бір айтайын дегенім, ескерткіштер қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет. Бұл - Атырау облысына ғана емес, бүкіл елімізге қатысты мәселе", - деді Президент.