Ол 1946 жылы 9 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген
Белгілі саясаттанушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам 78 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының бұрынғы басшысы Мәди Манатбектің Instagram-дағы парақшасында жазып, көңіл айтты.
- Қазақ елі үлкен деңгейдегі мемлекетшіл тұлғадан айырылды. Белгілі публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам 78 жасқа қараған шағында дүниеден озды, - деп жазды Мәди Манатбек.
Оның сөзінше, қаралы хабарды 1986-шы жылғы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы қаһармандардың бірі Құрманғазы Айтмұрзаев жеткізген.
- Сейдахмет ағамыздың үйіне таңертең ғана барып, өзімен жүздесіп, ашық-жарқын сөйлесіп едік. Сырқатына байланысты ем-шараларын ақылдасқанбыз. Енді міне ағамыздан айырылып қалдық, - деген Құрманғазы Айтмұрзаев.
Мәди Манатбек жазушы Сейдахмет Құттықадам жазған әр кітабында, берген әр сұхбаты мен зерттеуінде демократия құндылықтарын насихаттайтынын атап өтті.
Қаралы хабар әлеуметтік желіде пайда болды. Қоғам қайраткерінің жақындары мен туыстарына көзі қарақы көпшілік қауым көңіл білдіріп жатыр.
"...Менің саясаттағы ұстазым - Сейдахмет Құттықадам ағам мәңгілік мекеніне кетіпті... Иманы саламат болсын", - деп жазды Ғабиден Жакей Facebook-тегі парақшасында.
Сейдахмет Құттықадам 1946 жылы 9 мамырда Түркістан қаласында дүниеге келген. Ол еңбек жолын дипломатиялық қызметтен бастаған болатын.
Кейіннен республикалық басылым – "Арай" журналының, "Время-Дәуір" және "Эпоха" газеттерінің бас редакторы қызметін атқарды.
Қазақстанның ардагер журналисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, "Вызов времени", "Миражи и реалии", "Служение нации", "Казахская драма" атты төрт кітаптың авторы. Сондай-ақ ол республикалық, одақтық басылымдардағы,"Аргумент и факты", "Вокруг света" сияқты газеттердегі 500 авторлық мақалалардың авторы.
Оқи отырыңыз: Биыл Рамазан айы қашан басталады