Апатқа ұшыраған Bek Air әуе компаниясының ұшағындағы қара жәшік Мәскеу қаласында оқылатын болады. Бұл туралы еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Кеше вице-премьер Роман Скляр Мемлекетаралық авиация комитетінің төрағасымен әңгімелесті. Бүгін кешкі 18.40-та Мәскеуден Алматыға сарапшы келеді. Жедел-тергеу тобы жұмыс істейді, борттағы өздігінен жазушы құралы алынды. Ертең біз мәселені анықтау үшін қара жәшікті Мемлекетаралық авиация комитетіне, Мәскеу қаласына жібереміз. Дүйсенбіден бастап анықтау жұмыс басталады», - деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік ҚАМАЛИЕВ.
Ал, апатқа ұшыраған ұшақ 1996 жылы 8 сәуірде қолданысқа шыққан. Содан бері 44 мың 362 сағат ұшқан. Ұшу сертификаты осы жылы берілген және 2020 жылдың 21 мамырына дейін жарамды. Естеріңізге сала кетейік, пайдаланушы сертификатын және Bek air авиакомпаниясының ұшу жарамдылығын Қазақстанның авиациялық әкімшілігі тоқтатқан болатын. Компанияның балансында 9 ФОККЕР-100 маркалы ұшағы бар. Олар Қазақстанның он қаласына қатынап келген.