Маңғыстау облысындағы «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағында өлі қабылан табылды. Аңның өлу себебін анықтау үшін оқиға орнына мамандар аттанды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жергілікті тұрғындар 9 маусым күні кешкі сағат шамамен 22:00-де «Манашы» мемлекеттік табиғи қорығы аумағындағы «Күйкентау» деген жерден өлі қабылан тауып алды. Бұл жайында «Қызылсай» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің басшылығы хабарлады.
«Қызылсай» МӨТП инспекторларынан, Маңғыстау, Бейнеу аудандық табиғатты қорғау бөлімдерінің мамандарынан, ветеринар дәрігерлерден жасақталған арнаулы топ қабылан өлген жерге мән-жайды анықтау үшін аттанып кетті. Бұл жер Ақтау қаласынан шамамен 300-350 шақырым қашықтықта. Қосымша ақпарат мән-жай анықталғаннан кейін беріледі», – деп жазды ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева Facebook-те.
Қабыланның дене бітімі ұзынша, тұрқы - 120-150 см, құйрығының ұзындығы - 60-75 см. Қалың, қысқа, сарғылт түсті түгінің үстінде қара дақтар болады. Қабылан тропиктік және субтропиктік аймақтардағы ормандарда, тау беткейлерінде, жазық далалар мен саваннада, өзен бойындағы тоғайларда тіршілік етеді. 2018 жылы Үстірттің Қазақстандағы бөлігінде фототұзаққа қабылан түсіп қалған болатын. Бұл аң 2021 жылы Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.