Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында Жаңаөзендегі жарылыс мәселесін көтерді

19.04.2023 16:52

Ол Маңғыстау облысының әкімінен болған жарылыс туралы сұрады

Төтенше жағдайлар департаменті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында баяндама жасаған Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан Жаңаөзенде болған жарылыс туралы сұрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

«Ол жерде он екі пәтерлік екі кіреберісі бар үйде жарылыс болған. Қазір құрылған комиссия себебін анықтап жатыр және салдарын жою бойынша шаралар атқарылып жатыр. «ҚазМұнайГаз» компаниясы зардап шеккен азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету бойынша міндеттеме алды. Біз өз тарапымыздан (жергілікті әкімдік) зардап шеккен азаматтарға медициналық көмек, психологиялық көмек және уақытша тұратын жер бойынша көмек беріп жатырмыз», – деді Тоқаевтың сұрағына жауап берген Ноғаев.

«Жаңаөзенде болған жарылыстың салдарын жою жұмыстарын тез арада бітіру қажет. Жалпы, Жаңаөзен – мұнай-газ саласына ғана қарап отырған моноқала. Сол себепті, біз оны дамыту үшін арнайы кешенді жоспар қабылдадық. Осы құжатты мейлінше жүзеге асыру керек. Үкімет те бұл жұмысқа жауапты болады», – деп пікір білдірді Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың баяндамасына.