Алайда сотталған азамат қыздың өзі келіскенін айтып, дегенінен қайтпай отыр
Қостанайда «Тальгода» қыз зорлаған іске байланысты үкім шығарған судья қылмыс туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz.
Естеріңізге салайық, пойызда жолсерік болып қызмет атқарған Жетес Үмбетәлиев пен Қолқанат Құрманиязов ҚР ҚК 120-бабы бойынша кінәлі деп танылған еді. Олар небәрі бес жылға бас бостандығынан айрылды. Олардың ісі сотта екінші рет қаралып, жазалары екі есе күшейтілген.
«Олар топ болып зорлық әрекетін жасады деп айыпталған болатын. Сот бұл үкімді ескере отырып, жаңа жаза тағайындады. Үмбеталиев 6-вагонның жолсерігі болған, ал Құрманиязов 19-вагонда жолсерік қызметін атқарған. Осыған сәйкес, Құрманиязов 6-вагонда кетіп бара жатқан қыздың купесіне жайдан жай келмеді деп танылды. Бұған қоса қылмыс хронологиясына сәйкес, Үмбеталиевтен кейін бойжеткенді бір сағаттың ішінде Құрманиязов зорлағаны анықталды. Бұған қоса, сот жыныстық қатынасқа қыз өз еркімен келіспеген деп шешті», - деді судья Жасұлан Достияров.
Судья сонымен қатар қыздың өз мәліметін бірде-бір рет өзгертпегендігін, ал Құрманиязов алғашында қылмысын мойындамай, артынша растағанын жеткізді.
«Үмбеталиевтың айтуынша, ол пойыздың жолаушысымен танысып, артынша оның купесіне барған. Бұған қоса сотталған азамат жыныстық қатынас екі жақтың келісімімен болып, қыздың өзі мүшеқапты сұратқанын айтты. Дегенмен басқа да куәгерлердің сөзі оның бұл айтқанын жоққа шығарды. Әсіресе қылмыс хронологиясы сәйкес келмеді. Үмбеталиев қыздың купесіне кіріп онымен бірге кетіп бара жатқан көршісіне бойжеткенмен жеке қалғысы келетіндігін айтыпты. Қыздың көршісі өзіне басқа купе тауып беруін сұрапты. Пойыз Есіл бекетіне сағат 2:25 шамасында жеткен, ал Үмбеталиев қызбен таныспай жатып, мүшеқап іздепті. Оны басқа жолсеріктен тауыпты. Әлгі жолсерік Үмбеталиевтің осы бекетте мүшеқап сұрағанын растады. Бұған сәйкес сот қылмыскердің жыныстық қатынасқа алдын ала дайындалған деп тапты», - деді судья.
Құрманиязов өзін купеге ұялы телефонын қуаттаушы құрал іздеп, кездейсоқ келгенін алға тартқан. Көмек сұраған қыздың даусын естіп 6-вагонға келген жолсерікке бойжеткеннің өзі қылмыңдай бастапты-мыс.
Алайда барлық айғақтардың болғанына қарамастан, сот үкімі ең жеңіл жаза тағайындады. Судьяның айтуынша, бұған жолсеріктердің жасы мен бұрын қылмыстық жауапқа тартылмағандығы және Үмбеталиевтің үлігілі тәртібі мен кішкентай балаларының болуы негізге алынған. Сонымен қатар жәбірленушінің өзін қорғай алмауы жоққа шығарылып, айыптаушы тараптың өтініші ескерілмеді. Сол себепті сот 5 жыл қылмыскерлердің кінәсін өтеуге жетеді деп тауыпты.