National Tourism Awards 2019 ұлттық жүлдесінің жеңімпаздарын марапаттау рәсімі салтанатты түрде өтті. Жүлде екінші жыл қатарынан бірнеше аталым бойынша ұйымдастырылған. Атап айтар болсақ, үздік қонақ үйлер, шипажайлар, туроператорлар, жобалар және туған жерінің тұмса табиғатын насихаттап жүрген блогерлер анықталды. Биылғы байқауда еліміздің барлық өңірінен 114 туристік индустрия өкілдері бақ сынаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ туризм» ұлттық компаниясының мұрындық болуымен өткен шараның мақсаты – туризмді дамыту, отандық нарықта көрсетілетін туристік қызметтердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін артыру. Жүзден жүйрік шыққандардың ішінде «Оқиғалық туризм бойынша үздік жоба» аталымында Алматы қаласының «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігі ұлттық жүлдеге ие болды.
«Шексіз қуаныштымын. Әрине, біз үшін бұл күтпеген жүлде болды. Өйткені қарсыластарымыз да осал емес еді. Қазыларға таңдау оңай болмағанын білемін. Басында біздің идеямыз кейбіреулерге біртүрлі оғаш сезіліп еді. Өйткені біз қашықтықты белгілеп, адамдарға ашық далада жүгіруді ұсынған едік. Міне, содан бері марафон 5 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Жыл сайын 1500-нан астам адам қатысады. Оның ішінде шетелдіктер де бар», – деді «Экстремалды атлетика» қоғамдық бірлестігінің басқарушы директоры Вадим ВИНОКУРОВ.