Адам азаптағандардың жазасы қатаңдатылады: Тоқаев арнайы заңға қол қойды

Фото shutterstock
Фото shutterstock
Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мемлекет басшысы азаптау мен басқа да қатыгез, адамгершілікке жатпайтын немесе қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас түрлерінің алдын алу және сотталған адамдардың құқығын кеңейту туралы заңға қол қойды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Бұл заң – елімізде жүргізіліп жатқан саяси және құқықтық реформалар аясында Қазақстанның азаптау мен қорлаудың басқа да түрін жоюға, осы мәселе бойынша халықаралық нормаларды ұлттық заңнамаға енгізуге, сондай-ақ сотталғандардың құқығын кеңейтіп, түрмедегі теріс субмәдениеттің қалыптасуына жол бермеуге бағытталған жүйелі қадамдардың жалғасы.

Атап айтқанда, құжатта мынадай нормалар қарастырылған:

  • қатыгез немесе адамның қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас үшін жауапкершілік қарастырылады;
  • азаптау үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту шаралары қатаңдатылады;
  • заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін тергеу амалдары кезінде аудио және бейне таспалау жүйесін қолдану мүмкіндіктері кеңейтіледі.

Сонымен қатар Заң сотталған адамдарға бірқатар қосымша құқық береді:

Ауыр сырқатқа шалдыққан жағдайда оларға жазаны өтеу мерзімін кейінгі қалдыру құқығы беріледі, яғни сотталған адамға медициналық мекемеде шұғыл ем алуға мүмкіндік туады;

Сотталған адамды ауыр дертке шалдығуына байланысты жазасын өтеуден босату туралы сот шешімі дереу орындалады (бұрын сотталғандар соттың шешімі заңдық күшіне енгеннен кейін ғана босатылатын);

Сотталған әйелдер мен олардың балалары арасындағы әлеуметтік байланысты сақтау үшін оларға өз балаларын колонияда қалдыруға рұқсат ету мерзімі 3 жылдан 4 жылға ұзартылды;

Бұрын сотталған адамдардың бірінші рет істі болған азаматтарға теріс ықпал етуіне жол бермеу үшін сотталғандарды қылмыстық-атқару жүйесіндегі мекемелерге бөлу тәсілдері өзгереді. Енді бірінші рет сотталғандар бас бостандығынан айыру жазасын бұрын сотталғандардан бөлек жерде өтейді. Бұл заңға бағынушылық мінез-құлық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы заңнамалық актілерге енгізілген өзгерістер адам құқықтарын сақтауға берілетін кепілдікті арттырады. Сонымен қатар қауіпсіздік шараларын күшейту, олардың  түзелуіне және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік жасау арқылы сотталған адамдардың түрмедегі жағдайын жақсартуды көздейді.

Новости партнеров