Алматы мен Ресей оқушылары Жеңістің 75 жылдығына арнап бірлескен музыкалық клип жазды

09.05.2020 17:52

Музыкалық жобада қазақстандық және ресейлік кинофильмдерден соғыс туралы кадрлар пайдаланылған

стоп-кадр

9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында алматылық оқушылар ресейлік замандастарымен  бірлесіп музыкалық клип жазды. Айтулы мерекемен құттықтаудың бұл форматы елдердегі коронавирустық инфекцияның таралып отырған сын сағатында таңдалған оңтайлы қадам болып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сонымен, Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің, И.В.Панфилов атындағы №54 Қазақстан-Ресей мамандандырылған мектеп-лицейінің және Б.Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейдің оқушылары мен олардың Волоколамск қаласындағы (Ресей) құрбылары тілек, ниет біріктіріп, М.Бернестің «Журавли» әніне клип жазды. Музыкалық жобада қазақстандық және ресейлік кинофильмдерден соғыс туралы кадрлар пайдаланылған.

«Жас орындаушылар арасында әр түрлі халықаралық байқаулардың лауреаттары мен жүлдегерлері бар. Бұл ән кездейсоқ таңдалмаған. Танымал композиция көрермендердің жан дүниесін елжіретіп, майдан даласындағы сұрапыл шайқастарды көз алдарына әкеледі. Көк аспан төріндегі алысқа ұшып бара жатқан тырналар соғыстан қайтпай қалған сарбаздарды бейнелейді», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар, М.Мәметова атындағы №28 мектеп-лицейінің 1-11 сынып оқушылары ата-аналарымен бірге «Ұлы дала батырлары» акциясына үн қосты.

Олар Ұлы Отан соғысына қатысқан өздерінің аталары туралы әңгімелейтін бейнероликтер сериясын жасап, барлық ардагерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығымен құттықтады.

Осы орайда айта кетсек, коронавирус пандемиясы кезінде көптеген оқушылар үйде қарап отырмай, Ұлы Жеңістің мерейтойына арналған осындай байқауларға, челлендждерге, акцияларға қашықтан белсенді түрде атсалысуда.