Тараз қаласының тұрғыны өзін 4 баласымен тастап кеткен күйеуін күтіп жүр. Жанар есімді келіншек жұбайымен 17 жыл заңды некеде тұрған. Осыдан бірнеше жыл бұрын сүйіктісі басқа әйелді кездестіріп, отбасын тастап кетіпті, деп жазады NUR.KZ .
Жарының сатқындығына қарамастан, көпбалалы ана азаматын қайта қабылдауға дайын.
Жанардың сөзіне қарағанда, азаматы өзіне жасалған дуаның құрбаны болып қалған көрінеді.
«Мен студент кезімде тұрмысқа шықтым. Жалғасты өте қатты жақсы көрген болатынмын. Дүниеге келген сәбилеріміз бізді одан сайын жақындата түсті. Талай қиындықтарды да бастан кешірдік. Екінші ұлымыздың туа бітті жүрек ақауы болатын. Бұл қайғыны да жеңе білдік. Қандай жағдай болса да сезімімізге сызат түспейді деп ойлайтынмын», - дейді Жанар.
Жанар дүкенде сатушы болып жұмыс жасайды. Кезінде күйеуі екеуі бірігіп, жеке кәсіп ашыпты. Нәтижесінде, отбасының жағдайы жақсарып, балаларына ақылы мектептерде білім беруге мүмкіндіктері пайда болған.
«Жалғас екеуміз ата-енеміздің үйінен бөлек шыққанымызда қолымызда ештеңе болған жоқ. Барлық дүние-мүлкімізді өзіміздің маңдай терімізбен таптық. Талай қиындықтарды бірге өткердік. Бастапқыда балаларымызды ертіп, пәтер жалдап тұрдық. Кейін екеуміз жаңа үй салдық. Жағдайымыз жақсарып келе жатқан», - дейді кейіпкеріміз.
Алайда, осыдан бірнеше жыл бұрын күйеуі күрт өзгере бастапты. Жанар көпке дейін күйеуінің ашынасы пайда болғанын білмегенін айтады.
Жарының сатқындығына сенбеген келіншек ұзақ уақыт депрессияға түсіп кетіпті.
«Бір күні үйге келгенімде күйеуім заттарын жинап жатыр екен. Аяқ астынан іссапар шығып қалғанын айтты. Бірақ ішім бірнәрсе сезгендей болды. Кешке қарай Жалғас смс-хабарлама жіберіпті.
Басқа әйелді кездестіргенін, заңды түрде ажырасқысы келетінін жазған. Төбеме жай түскендей болды. Үлкен балаларым жағдайды түсініп жүр. Бірақ әкелері туралы жаман сөз айтуға ауыздары бармады. Менде не істерімді білмей, дал болып қалдым.
Күйеуім кездесіп, ашық сөйлескісі келмеді. 17 жыл бойы бір шаңырақтың астында өмір сүрген жарымды танымай қалдым. Қатты өзгеріп кеткені мені шошытты», - дейді Жанар.
Соттың шешімімен ерлі-зайыптылардың мүлкі бөліске салыныпты. Жанар сатылған үлкен үйдің жарты ақшасына қала шетінен 3 бөлмелі пәтер сатып алған. Ай сайын күйеуі балаларына алимент төлеумен шектеліп отыр.
«Кіші қызымыздың жасы бесте. Үнемі папасын сұрап жүреді. Қалған балаларым да қиналып жүр, маған көрсеткілері келмейді.
Күйеуімнің ашынасы сотқа келді. Өзінен 12 жас кіші әйел екен. Бұрын тұрмыста болған. Түрі ұсқынсыз, адам қызығатын келбеті де жоқ. Менің Жалғасым оның қай қылығына қызыққанын түсінбедім», - дейді келіншек.
Бастапқыда келіншек өзінің күйеуінің қайта келетініне сенген екен. Біраз уақытқа дейін жарын күтіпті.
Бірақ араға уақыт өткен соң, Жанар өзінің анасымен бірге Түркістандағы атақты көріпкел әйелге барғанын айтады. Бақсы күйеуінің дуаланғанын айтыпты.
«Ол әйел күйеуімнің тамағына өзінің етеккірін қосып беріп, дуалап алған көрінеді. Мұндай тәсіл туралы бұрын әжелеріміз айтып отыратынын еститін едік.
Ең сорақысы, ер-азаматтың жасы ұлғайғанда жынданып кетуі де мүмкін. Мен Жалғастың болашағы үшін алаңдаймын.
«Қазір ана әйелге оның ақшасы ғана керек екенін түсінемін. Бірақ қолдан келер шара болмай отыр», - дейді Тараз қаласының тұрғыны.