Алматыда көпбалалыларға берілетін баспана сертификатының құны өзгереді

04.03.2022 17:04
kn.kz

Алматыда «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үй салынады. Бұл туралы Мемлекет басшысының Алматыны қалпына келтіру және одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында 2022 жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылау бойынша қала мәслихатының XVI сессиясы барысында қала әкімі Ерболат Досаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, бүгінгі күні алматылықтардың жекелеген әлеуметтік топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесін шешу маңызды.

«Сессия барысында қала әкімі несиеге тұрғын үй алу мүмкіндігін жақсарту мақсатында ипотеканың бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін бір тұрғын үй сертификатының құнын 1 млн-нан 1,5 млн теңгеге дейін көбейтуді ұсынды», - деді Ерболат Досаев.

Бұл санатқа 1-2 топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар кіреді.

«Бюджетті нақтылау кезінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тағы бір 411 отбасына арналған «Жас қанат» 6 көппәтерлі тұрғын үй кешенінің құрылысына 4,5 млрд теңге бөлу қарастырылды», - деді ол.

Сонымен қатар ол бюджетті нақтылау Алматы қаласының тұрғындарымен және кәсіпкерлерімен алғашқы кездесу өткізгеннен кейінгі жұмыс нәтижесі негізінде дайындалғанын тілге тиек етті.