Әскери полиция органдарының мәртебесі мен құзыретіне қандай өзгеріс енгізілмек

14.12.2022 16:59

Жобаны іске асыру қосымша қаржы шығынын қажет етпейді

toppress.kz

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Әскери полиция органдары туралы» заң жобасы мен ілеспе құжат бірінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Заң жобасы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ұлттық ұланның әскери полиция органдарының мәртебесін, құзыретін, қызметін ұйымдастыру мен тәртібін айқындауға бағытталған. Заң жобасының нормалары заңнамалық қамтамасыз етудің біртұтас жүйесін құруға және қойылған міндеттерді келісіп орындауға мүмкіндік беретін әскери полиция орган қызметінің заңнамалық негізін біріздендіруге бағытталған.

«Заң жобасы жаңа редакцияда қабылданады. Бұл ретте оның құрылымы өзгертіліп, бірқатар редакциялық түзету енгізіледі, кемшіліктер жойылады. Заң жобасында әскери полицияның міндеті, құзыреті, құрылымы, өкілеттігі, өзара іс-қимыл жасауы өзгертіліп, функциясын заңмен бекіту көзделеді.

Әскери полиция органының әлеуетті ведомствоға қатыстылығы, бағыну тәртібі, олардың өзара және басқа да мемлекеттік органмен іс-қимыл жасау тәртібі реттеледі. Бірдей қолданып түсіну үшін «қызметкер» ұғымы «әскери қызметші» ұғымымен ауыстырылады. Әскери полиция органының саяси партиядан дербес болу принципі енгізіледі. Қаруды, арнайы құралды, адам күшін қолдану регламенттеледі», - деді ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Қамалетдинов.

Мұнымен қоса, жалпы отырыста «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актіcіне әскери полиция органдар мәселеcі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ілеспе заң жобасы да талқыланды.

Бұл заң жобасында тиісті нормативтік актілерді «Әскери полиция органы туралы» негізгі құжатқа сәйкес келтіру қарастырылған. Атап айтқанда, Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекске, «Әскери қызмет туралы», «Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы», «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» заңдарға өзгеріс пен толықтыру енгізіледі.

«Қорғаныс және Қарулы Күштер туралы» Заңда әскери полиция органына қатысты Қарулы Күштердің жалпы құрылымын сәйкес келтіру, Қарулы Күштер құрамына Арнайы операция күштерін енгізу, сондай-ақ Президентке Әскери жоспарлау жүйесін бекіту, ал Қорғаныс министрлігіне оны әзірлеу өкілеттігін беру бойынша толықтыру ескерілген. Жобаны іске асыру қосымша қаржы шығынын қажет етпейді, теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейді», - деді министрдің орынбасары.