Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Гүлмира Кәрімованың өкілеттігі тоқтатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Өткен аптада әріптесіміз Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болды. Бұл қаза баршамыздың қабырғамызды қайыстырып кетті. Гүлмира Райымбекқызы Солтүстік Қазақстан облысында жауапты қызметтер атқарып, өңірдің өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Білім және ғылым министрлігінде еңбек етіп, отандық білім беру саласын дамытуға үлкен үлес қосты. Таяуда ғана Сенат депутаты болып сайланған әріптесіміз, шын мәнінде, білікті маман еді. Осындай қиын жағдай - үлкен трагедия. Сол себепті, ең алдымен, әріптесіміздің отбасы мен жақындарына Сенат атынан тағы да көңіл айтамыз», - деді Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Жалпы отырыс барысында палата депутаттары Г. Кәрімованың өкілеттігін тоқтату туралы қаулыны қабылдады.
Айта кетейік, сенатордың қаза болуына байланысты Сенат депутатының өкілеттігі тоқтағаннан кейін, Орталық сайлау комиссиясы 2 айдың ішінде шығып қалған депутаттың орнына өңірде сайлау өткізуі тиіс.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 27 қаңтар күні түнде жаңадан сайланған сенатор Гүлмира Кәрімова кенеттен қайтыс болған еді. Ол 46 жасқа қараған шағында дүниеден озды.