«Қазақконцерт» жетекші өнер ұжымдарының қатысуымен 66-шы концерт маусымын ашты

Министерство культуры и информации РК
Министерство культуры и информации РК

Сахна төрінде мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаттары, белгілі өнерпаздар мен жас орындаушылар да өнер көрсетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы 66-шы концерт маусымын бастады. Биылғы маусым көрнекті композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің туғанына 120 жыл толуына орай ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Кеш бағдарламасы ұлттық музыка, дәстүрлі ән-күй, опера, классикалық және эстрадалық шығармаларды қамтыды. Концерт Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің орындауындағы Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсынан алынған «Би сюитасымен» басталды. Сондай-ақ қазақ операсынан попурри, «Алтын арқа», «Ән шашу», «Заман», «Сарыарқа», «Қарлығаш» және басқа да шығармалар орындалды.

Жаңа маусымның ашылуына Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ мемлекеттік фольклорлық ансамблі, «Халық қазынасы» ұлттық өнер орталығы, G-band тобы, «Birlik» би ансамблі және «Қазақконцерттің» өзге де шығармашылық ұжымдары қатысты.

Маусымның ашылуына Алматыдан «Қазақконцерттің» Алматы филиалының әртістері арнайы келді. Олардың қатарында Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанна Орынбасарова бар.

Сахна төрінде мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаттары, белгілі өнерпаздар мен жас орындаушылар да өнер көрсетті. Кешке Медет Шотабаев, Серік Еркімбеков, Айгүл Елшібаева, Айзада Қапонова, Айзат Қарабек, Азат Мәлік және басқа да өнерпаздар қатысты.

Концерт барлық қатысушының орындауындағы Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау» әнімен аяқталды. Кеш соңында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің атынан өнерпаздарға гүл шоқтары табысталды.

66-шы концерт маусымында «Қазақконцерт» дәстүрлі музыка, эстрада, классика және театр өнерін қамтитын жаңа жобаларды ұсынады.

Оқи отырыңыз: Энрике Иглесиастың концертінен кейін Орталық стадион аумағы қоқыстан тазартылды