|
13.05.2020 | 20:52
11671

Алматыда коммуналдық қызметтерге өтемақы беру ережесіне өзгерістер енгізілді

Коммуналдық қызметтерге арналған 15 мың теңге өтемақыны арнайы тізімдегі азаматтар алады

Алматыда коммуналдық қызметтерге өтемақы беру ережесіне өзгерістер енгізілді Lada.kz

Коммуналдық қызметтерге өтемақы беру ережесіне өзгерістер енгізілді. Жаңа өзгертулер мен төлемді алуына құқылы азаматтардың тізімін бүгін қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.     

Бұған дейін төлем қала бойынша әлеуметтік санатқа кіретін 62 мың адамға берілсе, енді оның саны 119 мыңға дейін өсті.

Еске сала кетейік, елімізде төтенше жағдайға байланысты коммуналдық қызметтер үшін тұрғындардың шығындары өтелетіні туралы айтылған болатын.

Коммуналдық қызметтерге өтемақыны арнайы тізімдегі азаматтар ала алады. Яғни, олар: барлық топтағы мүгедектер, Ұлы Отан соғысы және оған теңестірілген ардагерлер, тыл еңбеккерлері, мүгедек бала асырап отырған отбасылар, көпбалалы отбасылар, жалғыз басты зейнеткерлер және әлеуметтік төлем алатын отбасылар. Өтемақы көлемі – 15 мың теңге. Ол 2 ай бойы, яғни сәуір және мамыр айларына есептеледі.   

Коммуналдық қызметтерге өтемақы кімге беріледі?

- 1,2,3-топта мүгедектер

- Ұлы Отан соғысы және оған теңестірілген ардагерлер

- Тыл еңбеккерлері

- Мүгедек бала асырап отырған отбасылар; 

- Көпбалалы отбасылар

- Жалғызбасты зейнеткерлер

- Әлеуметтік төлем алатын отбасылар

Қала бойынша ақпарат орталығына тұрғындардан 148 мыңнан астам қоңырау келіп түскен. Оның 17 мың 505-іне мақұлданды. Өтініштерді қабылдау барысында осал топтарға жататын азаматтардың есепшоты өзіне емес, отбасы мүшелерінің біріне ресімделгені анықталды. Енді ол мәселе оң шешімін тапты.

«Осы өзгертілген ережеге сәйкес, коммуналдық қызметті пайдалану бойынша, өтемақыны алуға өзіне есепшот ашылмаған жағдайда өзі тұратын немесе бірге тұратын отбасы мүшелеріне есепшот болса, соған ақша жіберетін болдық. Өзінің санаттағы азамат екенін дәлелдесе және өзінің қай отбасы мүшесіне есепшот ашылғанын көрсетсе, сол есепшотқа ақшаны бірден жібереміз», - деді қалалық Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшысы Әсет МАСАБАЕВ.

Өтемақыдан бөлек, карантин уақытында су жүйесі мен жылу желілері әдеттегі бағадан 10 пайызға дейін төмендеді. Бүгінде мемлекет ұсынған екі бірдей жеңілдікті алматылықтар алып үлгерді. Соның бірі - Әлия Сәрсенбаева. 5 баланың анасы үшін бұл үлкен көмек екенін айтады.   

«Мен коммуналдық қызметтерге 15 мың теңге өтемақы беруге қатысты өтінім жазған болатынмын. Бұл өте қолжетімді қызмет екен. Тек ЖСН нөмірімді тексерді де, өтінішімді қабылдап алды. Енді оң нәтиже шығарып береді деп үміттенемін. Алматы қаласының әкімдігіне рахмет», - дейді көпбалалы ана Әлия СӘРСЕНБАЕВА.

Коммуналдық қызмет шығындарын өтеу ережесінде жалдамалы пәтерде тұратындарға жеңілдік жоқ. Бұл жөнінде қалалық энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының басшылары министрлікке ұсыныс жіберген. Алайда ол қанағаттандырусыз қалды. Бүгінде қала бойынша ақпарат орталығы жұмыс істеп тұр. Экранда көрсетілген нөмірлерге хабарласу арқылы кез келген сұраққа жауап алуға мүмкіндік бар.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир