Әлеуметтік желілерде полицейлердің формасын киген ер адамдардың өздерін "братвамыз" және «бандамыз» деп айтқаны түсірілген видео таралып жатыр. ҚР ІІМ өкілдері бұл видеоны актер түсіргенін және оның тек әзілдегісі келгенін айтады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Видеода көлікте отырған екі полицей түсірілген. Олардың бірі Қарағанды академиясында шыққан даулы видеодағы сөздерді айтады. Артында отырған әріптесі оны қолдап отырады.
ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Сәдубаевтың айтуынша, видеоны 20 қаңтарда актер Айдос Жұқанұлы түсірген.
Видео Алматы облысы аумағындағы фильм түсірілімдері барысында түсірілген.
«Ол осылайша әріптестерімен әзілдемекші болған, бірақ ол полиция қызметкерлерінің беделін түсіруді мақсат еткен жоқ. Орынсыз әзілі үшін кешірім сұрады», – деді Сәдубаев.
Айта кетейік, осыған дейін әлеуметтік желілерде погон таққан полицейлердің 2019 жылмен құттықтағаны түсірілген видео тараған еді.
«Құрметтті бауырларым, 2019 жылмен құттықтаймын. Антибиотиктің сөздеріне қосыламын. Достығымыз адал болсын. Біз братвамыз, басқаша айтқанда бандамыз! Қазақстан мен отбасымыз өсіп өркендесін!», - делінген еді видеода.
Кейінірек видеодағы ер адамның жұмыстан қуылғаны хабарланған еді. Сондай-ақ, басшылары мен оқу орнының басшылығы тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылған болатын.