Инспекторды өлтірді деген күдіктілер ұсталды

21.01.2019 20:59

Қорықшы Ерлан Нұрғалиевтің өліміне қатысы бар деген күдіктілер ұсталды. Ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратты.

Айта кетейік, бір апта бұрын Қарағанды облысында «Охотзоопром» инспекторын ұрып-соғып мерт қылған үш күдіктіге ведомство іздеу салған еді. Браконьерлер Қызылорда қаласының Қылмыстық істі тексеру полиция департаменті жүргізген арнайы операция аясында қолға түскен. Олар осы уақытқа дейін жеке үйде бой тасалап келген. Бүгін де күдіктілерге қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.

«Бүгін полиция қызметкерлерінің арнайы жүргізген операциясы нәтижесінде, «Охотзоопром» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевті қызметтік міндетін атқару кезінде өлтірген үш күдікті ұсталды. Олар Қызылорда қаласындағы жеке үйлердің біріне бой тасалаған. Қазіргі уақытта айғақтарды жинауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Үш күдікті де Уақытша оқшаулау орнына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда», – деді ҚР ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас САДУБАЕВ.

Естеріңізге салсақ, 13 қаңтарда Қорғалжың қорығында қаскөйлер көліктерін тоқтатпақ болған қос инспектор Петр Ницык пен Ерлан Нұрғалиев соққыға жығылған болатын. Қорықшы Ерлан Нұрғалиев бас сүйегінен қатты жарақат алып, араға тәулік салғанда көз жұмған еді.