Алматы әкімі алматылықтарды "қадамдық қолжетімділік" қағидатына сәйкес әлеуметтік қызметтермен қамтудың жоспарымен бөлісті
Медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін қаланың барлық медициналық мекемелеріне аудит жүргізілді. Медициналық ұйымдарда 30 мыңнан астам медициналық жабдықтар бар, олардың 10 мыңы ескірген. Осыған байланысты әрбір медициналық ұйым мен аудан бойынша жабдықтарды жаңартудың 3-жылдық жоспары дайындалды.
«Медициналық жабдықтарды сатып алуға 60 млрд. теңгеден астам қаражат жұмсалатын болады. 2020 жылы 20 млрд. теңгеге медициналық техника сатып алынады. «Қадамдық қолжетімділік» қағидатына сәйкес, биыл 35 дәрігерлік амбулаториямен қамтамасыз етудің 3 жылдық жоспары әзірленді. Бүгінгі күнге 7-уі ашылды. Жылдың соңына дейін 3-уі ашылатын болады», – деді әкім.
Қараша айында Жедел медициналық көмек қызметінің жаңа станциясы іске қосылды. Осының арқасында дәрігерлік бригадалардың қала шетіне жету уақыты, бұрын 25 минут болса, қазір 11-13 минутқа дейін қысқарды.
«Жедел жәрдем желісіне 38 жаңа көлік берілді. Келесі жылы тағы 75 санитарлық автокөлік сатып аламыз. Осылайша, 2020 жылы бұл қызметтің жабдықталуы 100%-ға дейін жететін болады», – деді Бақытжан Сағынтаев.