Алматы әкімі Б.Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-дағы брифингте қылмыспен күрес жолында қоғамдық қауіпсіздікті күшейту мақсатында қандай шаралардың қолға алынып жатқанын айтты
Қоғамдық қауіпсіздік – Алматы әкімдігі жұмысындағы негізгі басымдықтардың бірі.
«Біз полицияның материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартудамыз, ол қазірдің өзінде ең жоғарғы көрсеткіш болып табылады – 87%. Жақын арада қала полициясына тағы 85 жаңа автокөлік беріледі», – деді Бақытжан Сағынтаев.
Ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз қаланың барлық аудандарында полицияның 13 фронт-кеңсесін ашып жатырмыз. Мұнда келушілерге қолайлы жағдай жасалған, «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетіледі.
«Президенттің тапсырмасы бойынша бейнемониторинг жүйесі енгізілуде. Қала көшелеріне жақын арада «Сергек» бейнетіркеу жүйесінің 707 бекеті орнатылады. 2019 жылдың соңына дейін – 400, 2020 жылы –307 бекет», – деп тарқатып айтты әкім.
Алматылықтар үшін қауіпсіздікті нығайту бойынша шұғыл шаралар қабылданды. Қаланың қылмыс көп жасалатын аудандарында 32 жаңа модульдік және мобильдік полиция бекеттері жұмыс істейді.
Жаяу патрульдеуді күшейтіп, маршруттарды қайта қарастырдық, аулаларды патрульдеуге басымдық берілді. Барлығы 550 патрульдеу бағыты әзірленді.Қабылданып жатқан шаралар қылмыстың санын 10,2%-ға азайтуға және қылмыстың ашылуын 26 пайыздан 30%-ға дейін арттыруға мүмкіндік берді.