Елордалық полиция департаменті волонтерлермен бірігіп, қайта ашылған сауда, ойын-сауық орталықтарындағы санитарлық талаптарды тексерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі акция коронавирус кезіндегі қауіпсіздік шаралары туралы халықты ақпараттандыруға бағытталған. Яғни, қазір Төтенше жағдай режимі аяқталды деп, көптеген адамдар қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қарай бастады. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбейгенін хабарлауда. Тиісінше қауіпсіздік шараларын күшейту қажет. Бүгінгі акцияда біздің еріктілер тұрғындарға, әсіресе қауіпсіздік шараларын сақтамайтындарға қауіпсіздік шараларын ескертеді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы волонтерлер штабының төрағасы Шыңғыс Тілеулин.
Оның айтуынша, қазір қаланың түрлі нүктелерінде 500 белсенді волонтер жұмыс істеп жатыр. Одан бөлек, көмек көрсетуге жүгінген 2 мың волонтер резервте тұр. Волонтердің экспресс-мектебінде оқып жатқан еріктілер де олардың қатарын толтырмақ.
«Әр волонтердің күнделікті тағаммен және көлікпен, жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етеміз. Сонымен бірге, бізде жеке көлігі бар автоволонтерлер бар. Олардың жанармайын толтыра алмаймыз, себебі бұл – өздерінің ерікті жұмысы. Кез келген тілек білдіруші 109 нөміріне хабарласып, еріктілер қатарына қосыла алады. Бірақ, КВИ кезінде қауіпсіздік үшін әйелдерге – 30 жасқа дейін, ерлерге – 40 жасқа дейін шектеу қойып отырмыз», – деді ол. Сонымен бірге, штаб төрағасы маскалардың бәріне бірдей таратылмайтынын ескертті.
«Біздің акцияның мақсаты – маска тарату емес. Ең алдымен халыққа қауіпсіздік шараларын түсіндіруге бағытталған. Ал егер адамның маска алуға материалдық жағдайы жетпесе, масканы тегін береміз. Өйткені, қазіргі уақытта қаламызда маска дефициті жоқ. Кез келген дәріханадан бекітілген бағада сатып алуға болады», – деді Ш. Тілеулин.
Өз кезегінде «Keruen City» сауда-ойын-сауық орталығының аға әкімшісі Әйгерім Сембаева ғимараттағы қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
«Біздің орталықтың 76 дүңгіршегі бүгін қайта ашылды. Барлық бутикке санитарлық нормаларды сақтау туралы ескерту жібердік. Яғни, қызметкерлер маска тағып, қолғап киіп, келушілердің дене қызуын тексеруі тиіс. Сонымен бірге, антисептиктер қойылып, ара қашықтық сақтау үшін еденге белгілер жапсырылуы керек», – деді ол.
Ғимараттың барлық кіреберісінде, лифт маңында және дәретханаларда антисептик құтылары орнатылған.
«Клинингтік компания әр 3 сағат сайын еденді арнайы құралмен тазалайды. Эскалатор тұтқасы, лифт батырмалары да санитайзермен өңделеді. Дәретханаларда күніне екі рет кварц жасалады. Орталыққа келушілерге қолғап кию міндетті емес, бірақ маскасыз кіргізілмейді. Біз оларды маска сатып алу үшін дәріханаға жібереміз», – деді Ә. Сембаева.
Айта кетейік, 20 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларында сауда, ойын-сауық орталықтары мен қоғамдық моншалар қайта ашылды. Бірақ, ойын-сауық алаңдары, фудкорттар, кинотеатрлар әзірге іске қосылмайды.