Жетісайлық үш жасөсіпірім әкелеріне баратынын айтты

23.04.2019 17:05

Жеткіншектер орталықта 3 айдай болады

Үй қамақта отырған жетісайлық өгей анаға қатысты тергеу жалғасып жатыр. Оның бір жарым жасар сәбиі «Мамандандырылған бөбектер үйіне» орналастырылды, деп хабарлайды Оtyrar.kz.

Биыл 11 сәуірден бастап емделіп жатқан апалы-сіңлілі үш жасөспірім емдік шараларын аяқтап, ауруханадан шықты. Жетісай ауданының Кәмелетке толмағандар ісі және олардың құқығын қорғау жөніндегі комиссияның 2019 жылғы 18 сәуірдегі шешімімен, 2019 жылғы 20 сәуірде олар Шымкент қалалық отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқармасының «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне орналастырылды.

Мекеме басшылығының айтуынша, мұнда олардың рухани тынығып және жүйкелерінің саулығы үшін білікті психологтар да жұмылдырылған. Жеткіншектер орталықта 3 айдай болады. Алдағы уақытта 3 қыз өздерінің кімнің қарауында қалатынын тиісті сот отырысында өздері шешеді.

«Қыздар әкесін көп сұрайды, шыққан соң әкелеріне барғылары келетінін айтты. Қазіргі таңда олардың жағдайы жақсы, оқу-тәрбие процестерімен жұмыс жүргізілуде. Психологтың тереңдетілген жұмысы, диагностикалық-коррекциялық жұмыс та қолға алынды. Медициналық алғашқы тексеруден өткізілді. Денсаулықтары жақсы. Тамаққа деген тәбеттері өте жақсы. Алғаш келгенде үйренісе алмай, жатырқап, қатты ашуланып жүрген болатын. Ал кешелі бері жақсы тамақтанып, орталыққа бейімделе бастады», - дейді «Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» КММ директорының орынбасары Назгүл Құрманалиева.

Жұртшылықтың жағасын ұстатқан бұл жәйт туралы Түркістан облыстық Полиция департаменті әзірге бұрын айтылғаннан басқа мәлімет таратпай отыр. Тергеудің әлі қанша уақытқа созылатынын да ашып айтпайды.  

Тергеуде  жатқан өгей шешелері сот шешімімен, жүктілігіне (30 апталық) байланысты үй қамауына алынды. Жасөспірімдер ұдайы психологтардың бақылауында.  

Айта кетейік, 28 жастағы әйелге 2003, 2005 және 2007 жылғы қыздарды қорлады деген айып тағылған.  Осыған дейін өгей ана қыздарды қанша рет және қалай жазалағаны туралы жазбаша есеп жүргізген. Туысы Эльвира Қойымбетованың айтуынша, қыздардың туған шешесі бес жыл бұрын тастап кеткен, содан кейін балалар анасын көрмеген.