«Атакентте» 9 мың ағаш кесіледі деген ақпарат жалған боп шықты

kursiv.kz
kursiv.kz
Көрме басшысы ақпаратты жоққа шығарып, журналистер сұраған соң жауап бердім деп ақталуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Атакент» көрме орталығының аумағына 9 мың ағашты кесіп, «Конгресс холл» салынады деген ақпарат жалған болып шықты. Тіпті жасыл желектердің кесілетіні жайлы мәлімет қалалық Жасыл экономика басқармасына мүлдем түспеген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл туралы Алматы әкімінің орынбасары Ерлан Әукенов мәлімдеді. Оның сөзінше, аталған нысанның құрылысы сөз жүзінде ғана талқыланған, нақты қай жерге салынатыны туралы да ресми ақпарат берілмеген. Сондықтан, байбалам салудың қажеті жоқ деді, Ерлан Әукенов.

«Біріншіден, бұл жерде бірде-бір ағаш кесілмейді. Егер жасыл желек кесілетін болса, Жасыл экономика басқармасы хабардар болатын еді. Екіншіден, жолайрық туралы мүлде сөз қозғалған жоқ. Одан кейін, Атакент басшылығы халыққа жалған ақпарат таратқан екен, жағдайды ушықтырмай, шешуі тиіс», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ерлан ӘУКЕНОВ.

Сондай-ақ, әкім орынбасары Атакент аумағында жолайрығы салынады деген ақпараттың да жалған екенін жеткізді. Оның пікірінше, мұндай құрылыс жұмыстары аталған жерге мүлдем келмейді. Ал, көрме басшылығы жоғарыда айтылған ақпаратты жоққа шығарып, журналистер сұраған соң жауап бердім деп ақталуда.

«Біз 16 маусымда БАҚ өкілдерімен кездескен болатынбыз. Жиында «Атакент» көрме орталығының 2019-2021 жылдарға арналған даму жоспарымен бөлістік. Онда көрме павильондарының реконструкциясы, аумақты көгалдандыру жұмыстары сынды тақырыпта сөз қозғалды. Кездесу барысында бір журналист «Атакент» аумағында Конгресс холдың салынатыны туралы айтып, сол мәселеге қалай қарайтынымды сұрады. Мен әрине қарсы екенімді айттым. Бар мәселе осы», – деді Аtakent Қазақстан іскерлік ынтымақтастық орталығы АҚ президенті Мадина МАҚЫПОВА.

Новости партнеров