|
24.01.2023 | 12:06
10296

Танымал композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті

Бұл туралы отандық шоу-бизнес өкілдері хабарлады

Танымал композитор Арман Дүйсенов өмірден өтті ашық дереккөзден

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, продюсер әрі тележүргізуші Арман Дүйсенов дүние салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі 

Қазақ өнері, қазақ музыка өнері қара жамылған күн. Тұтас бір буынды асыл өнерге баулыған азамат өнер жолын 1990 жылы бастаған. Түрлі музыкалық байқаулардағы жеңісінен соң, таланты танылып, «Халық таңдауы» атанады. Алыс-жақын шет мемлекеттерде классикалық музыка жанрында өнер көрсетіп, фестивальдерде топ жарады.

«Жоғары білімді, кәсіби музыкант еді. Оның әндері қазақ эстрадасының 90 процент әншілері орындап, сахнаға талай шыққанбыз. Біз ешқашан Арманның әндерін ұмытпаймыз, себебі ол өз бағасын алған, халықтың көңілінен шыққан тамаша музыкант еді. Өкінішке орай, міне, Арманнан айырылып қалдық», – деді  Қазақстанның Халық әртісі Роза Рымбаева

Ән-әуенге жақындығы әке мен анадан дарыған Арман Дүйсенов осы салада жан-жақты қызмет етті. Композиторлық, әнші-актерлық, әрі продюсерлігінен бөлек, ол жалпақ жұртқа асабалығымен, ақындығымен де танылып үлгерді. «Бар таланты бір бойына сыймағандықтан болар, Арман өте мазасыз еді, ал ол мазасыздығы ісінің мінсіз атқарылуына сеп болатын» дейді достары.  

«Таланты үшін, адами қасиеттері үшін Арманға көп рақмет айтқым келеді. Өмірінің соңғы сәттерінде біз білетін көңілді қалпы өзгеріп кетті, мүлдем басқа адамдай болды. Бірақ соған қарамастан, мереке-қуаныштың бірін қалдырмай құттықтап отыратын. Арман екеуміздің достығымыз ата-аналарымыздың достығынан басталды. Қазір мен үшін досымның қазасын естуден артық қайғы жоқ», – деді продюсер Баян Алагөзова.

«Арман Дүйсенов – бақытты композиторлардың қатарына кірген азамат. Өзінің өнердегі орнын дәлелдеп, шегелеп кеткен азамат. Мен сондай азаматпен үзеңгілес болып, бір уақытта өмір сүргеніме қуанамын», – деді әнші Нұрлан Еспанов

50-ге жуық елде гастрольдік сапар жасап үлгерген өнер иесі өмірінің соңғы жылдарында шәкірт тәрбиелеуге ден қойған еді. Оның ұстаздығын көргендердің алды қазір эстраданың жұлдызына айналып үлгерді. Арман Дүйсеновтің арманы да сол еді, ол ел жанын әнмен тербеуге мән берді.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир