Ағымдағы жылы 118 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жалпы 2019 жылы 13 млн шаршы метр жаңа тұрғын үй салуды жоспарладық. Осының арқасында 118 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етілетін болады. Оның ішінде мемлекеттік қаражат есебінен 22 мың пәтер пайдалануға беріледі», - деді Қ.Өскенбаев министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде.
Оның айтуынша, тұрғын үй және ипотекалық бағдарламалары аясында іске асырылып жатқан қолдау шаралары құрылыс саласынының дамуын ынталандырды. Отандық құрылыс материалдарын жобалауға және құрылыста пайдалануға ерекше назар аударылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша құрылыста қазақстандық өндірушілер үлесі 77 пайызды құрады. Бұл 2017 жылдың көрсеткішінен 5 пайызға артық. Отандық тауар өндірушілердің құрылыс материалдарын, бұйымдарын, конструкцияларын және жабдықтарын пайдалану үшін ағымдағы жылы электрондық тізілім құрылды және іске қосылды.
Әрбір өңірде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен отандық өнімдерді пайдаланылуына бақылау жасайтын жұмыс топтары мен комиссиялар жұмыс істеп жатыр.
«Үш жыл ішінде тұрғын үй құрылысында жергілікті өндірушілерді қамту деңгейін 90 пайыз дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді вице-министр.