«Шешімі бар»: Жалғызбасты көпбалалы анаға 8 млн теңгенің сертификаты берілді

Назым Қыдырбайқызы
«Шешімі бар»: Жалғызбасты көпбалалы анаға 8 млн теңгенің сертификаты берілді
Көпбалалы ананың күрмеуі қиын түйткілдердің түйінін «Шешімі бар» бағдарламасы шешіп берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қыстың қақаған аязында бес баласымен бас сауғалауға пана таппай, далада қалған Ақбота Молдақанова  «Алматы»  телеарнасының «Шешімі бар» бағдарламасына келіп, көмек сұрады.  

Оның айтуынша, бұрынғы күйеуі төрт баласымен тастап, басқа әйелге кетіп қалған. Ал бесінші сәбиін екінші некесінен туған.

«Жолдасым төрт баланы дүниеге әкегеннен кейін басқа әйелге кетіп қалды. Ол басқа келіншекпен көңіл жарастырып жүргенін мен 1,5 жылдан кейін білдім», – дейді Ақбота.

Ақбота төртінші баласын босанып жатқан кезде, жолдасы перзентханаға келіп, көңіл жарастырып жүрген келіншекті әкеп, үшеуіміз бір үйде тұрайық деп ұсыныс жасаған.

«Маған келіп, «Мен сені де, оны да жақсы көремін, бәріміз бір үйде тұрайық» деп ұсыныс жасады. Мен қарсылық таныттым. Осылай ажырасып кеттік», – дейді келіншек.

Қазіргі таңда көпбалалы ана бес баласымен пәтер жалдап тұрып жүр. Тапқан табысы жалдамалы үйінің ақысына әрең жетеді. Ал екінші рет көңіл жарастырған азаматының анасы Ақботаны төрт баласымен қабылдамай қойған.

«Еден жуып, табатын табысым пәтерімді төлеуден артылмайды. Ал екінші рет тұрмысқа шыққан күйеуім тек қызына ғана көмектесіп тұрады. Ал бұрынғы жолдасым алимент төлемейді. Үш жыл бойы жүгіріп ала алмаған соң бас тарттым. Қазіргі таңда басты арманым – үйім болса екен. Сол кезде балаларыма да көңіл аударар едім», – дейді көпбалалы ана.

Жалғызбасты ананың күрмеуі қиын түйткілдердің түйінін «Шешімі бар» бағдарламасы шешіп берді. Бес баланы жалғыз асырап жүрген анаға «ASAR UME» қоғамдық қоры 8 млн теңгенің сертификатын табыс етті. 

Новости партнеров