Арыс қаласында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Дінмұхамед Қонаевтың бюсті орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Салтанатты шараға Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова, мемлекет және қоғам қайтаркері Мұрат Әуезов пен Дінмұхаммед Қонаевтың інісі Дияр Қонаев қатысты.
"Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің 1956 жылдың 31 шілдедегі жарлығымен Арыс – қала мәртебесіне ие болғаны белгілі. 65 жыл бұрын осы жарлықтың күшіне енуіне Дінмұхамед Ахметұлы айрықша ықпал еткені ақиқат. Біз бүгін ел игілігі үшін ерен еңбек еткен ерлердің есімін ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында осындай салтанатты шарада бас қосып тұрмыз. Бұл біз үшін зор мәртебе", – деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кетейік, ұлт мақтанышына айналған ұлы тұлғаның ажары айшықталған мүсінді Арыс қаласының тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, академик, Суретшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинашев сыйға тартты.