|
03.11.2021 | 18:08
4502

Елімізде рақымшылық аясында 1 мың адам бостандыққа шығады

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасын әзірледі

Елімізде рақымшылық аясында 1 мың адам бостандыққа шығады 7news.kz

Рақымшылық аясында 1000 адам қамаудан бостандыққа шығады. Бүгін Мәжіліс депутаттары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай рақымшылық туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтің айтуы бойынша, рақымшылық ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. 

Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам жазасын өтеп жатыр.  Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 5 мың адам тергеуде қамауда жатыр. Енді Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында 1000 адам рақымшылықпен бостандыққа шығады. Жоба бойынша 2236 сотталушыға, 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалады. Соның нәтижесінде өндірістегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады.

«3818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1294 сотталушыға, 7294 пробацияда тұрған адамдарға жаза мерзімі қысқартылады. Үшіншіден, сотқа дейінгі өндірісіндегі 5000 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелері қолданылады», – деді ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Сонымен қатар Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда талқыланды. Жобаны таныстырған Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев алдағы уақытта интернеті жоқ ауылдарда кәсіпкерлердің есептілігін тек электронды нұсқада тапсыру туралы қабылданған шешім үшін сын естіді.

«Биыл – егемен еліміз үшін елеулі кезең. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы заң жобасы әзірленіп, бүгін мақұлданып отыр. Әрине, рақымшылық – мемлекет тарапынан жасалып отырған ізгі және сенім шарасы. Сондықтан бұл жолы да алдымен мемлекеттің және азаматтардың қауіпсіздігіне қауіп келтірмейтін қылмыс жасағандар босатылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин.

Депутаттар талқылауына түскен тағы бір заң жобасы сот саласына қатысты болды. Жобада судьяларды тәртіптік жауапқа тарту мерзімі қарастырылған. Заң жобасында мамандандырылған судья лауазымына үміткерлерге арналған біліктілік емтиханын енгізу, басқа соттарға кандидаттарды іріктеу кезінде құрамы аз және шалғайдағы соттарда кемінде 5 жыл жұмыс істеген судьялар үшін басымдық белгілеу және судьяларды тәртіптік жауаптылыққа тартудың ескіру мерзімдері заңсыз әрекет жасалған күннен бастап 1 жылдан 2 жылға дейін, ал анықталған күннен бастап 3 айдан 1 жылға дейін ұлғайту талаптары қамтылған.

Асылбек Тойбек, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир