Алматыда жеңілдікпен берілетін тұрғын үй бағдарламасы аясында тағы 1 мыңға жуық жас отбасы пәтермен қамтылады
Алматы тұрғын үй саясаты басқармасы жетекшісінің орынбасары Ермек Әміров қолжетімді баспанамен қамту шаралары туралы айтып берді. Оның сөзінше, мұндай баспананы Отбасы банктің «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы алуға болады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik сайтына сілтеме жасап.
«Бұл бағдарлама арқасында көпбалалы, толық емес, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасы нарықта жаңа салынған немесе ертеректе тапсырылған пәтерді ала алады. Үш жыл ішінде бағдарламаға 634 алматылық отбасы қатысты», – деді Әміров брифинг барысында.
Тұрмысы төмен тұрғындар кезегіндегілерге тұрғын үй сертификаты да беріледі. Оларды қайтарудың қажеті жоқ. Бұл сома Отбасы банкіндегі жеңілдікпен берілетін ипотеканың алғашқы жарнасын жабу үшін қарастырылған.
Сертификатты қалай алуға болады:
Сертификат I және II топ мүгедектеріне, жетім балаларға, мүгедек бала асырап отырған отбасыға, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға, көпбалалы отбасыға беріледі. Бұл үшін Алматы әкімдігі жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңге бөлді. Сомасы 1 миллион теңге болатын 2 000 қайтарымсыз сертификат табысталады.
Жұмыс істейтін жастар «Алматы жастары» бағдарламасына қатыса алады. Оның аясында 1 000 жас отбасы баспанамен қамтылды.
«Биыл тағы 1 000 жас отбасы баспаналы болады. Қазіргі уақытта олардың 772-і пәтер алды», – деді Әміров.
Бұған қоса, тағы 1 050 жұмыс істейтін жасты 5 жылға дейін жалға берілетін баспанамен қамту жоспарланып отыр.