Қыркүйектің екінші жексенбісінде Қазақстанда Отбасы күні тойланады, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлағандай, мереке 2013 жылы бекітілген.
Мерекенің негізгі идеясы – ұлттық және отбасылық құндылықтарды дәріптеу, отбасы мен неке ұғымдарына сүйіспеншілік тудыру.
«Биыл мерекенің жаңа тұжырымдамасы бекітілді. 2-8 қыркүйек аралығында Отбасы күніне арналған апталық өтті. Аптаның әр күні отбасылық дәстүрлер, некені жоспарлау, ұрпақ саулығы, саналы ата-ана болу, отбасылық демалыс және басқа да тақырыптарға арналды», - делінген ведомство хабарламасында.
Республика бойынша барлығы 1000-нан астам іс-шара өткізіліп, 1 миллион адам қамтылды.
Бүгін қазақстандықтар «Отбасым – менің байлығым» акциясын бастады.
«Әлеуметтік желіде отбасыңыздың суретін жариялау арқылы акцияға қосылуға шақырамыз», - деп мәлімдеді министрлік өкілдері.
Оқи отырыңыз: Қыркүйекте қазақстандықтар қалай демалады