Көпбалалы ана Назгүл біршама жылдан бері Ақтаудағы ауылдардың бірінде жүк вагонында тұрып келеді, деп хабарлайды Stan.kz Tumba.kz сайтына сілтеме жасап.
Оның жеті баласы бар. Айтуынша, жұбайы осыдан екі жыл бұрын қайтыс болған, содан бері жесір ана жеті баласын өзі өсіріп жатыр. Осынша балаға тамақ тауып беру Назгүл үшін оңай емес. Оған қайырымды жандар көмектесіп тұратын көрінеді. Бұған қоса көпбалалы әйел денсаулығына байланысты жұмыс істеуге жарамсыз.
Көпбалалы ананың вагонда тұрып жатқанына бірнеше жыл болған, оның өзін қайырымды жандардың бірі сыйға тартыпты. Үй деп айтуға келмейтін бұл лашықта газ да, су да жоқ. Тамақ істеп, әрі отбасының паналап отырған жерін жылытуға жас кәсіпкер сыйлаған электрлі пеші пайдаланылады екен.
Сонымен қатар біраз уақыт бұрын Назгүлдің бойынан обыр дерті анықталған. Алайда байқұс ананың қабырғасын қайыстырған мәселе оның ауруы емес, балаларының лашықта тұрып жатқандығы екен.
«Егерде жанымнан қамқор адамдар табылмаса, осы уақытқа дейін жағдайым не болар еді», - дейді Назгүл.