Алматының әр аудан тұрғындарымен кездесуді әдетке айналдырған Бақытжан Сағынтаев бүгін Жетісу ауданына табан тіреді. Кездесуде тұрғындар өздерін толғантқан сұрақтарына жауап алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ауданда әлі күнге дейін үйлерді заңдастыруға қатысты мәселе шаш етектен екен. Ал қылмыс күн санап өсіп келеді деп шағымданды мұқым ел.
Шаxар басшысына арыздарын арқалап, мәселелерін жеткізуге келген xалықтың саны көп болғаны сонша, залда ине шаншыр орын болмады. Мұндай кездесуді тағатсыздана күткен тұрғындар түрлі сауалдарын жаудырды. Ауданда қоғамдық көліктің жетіспеушілігі, ұрлық-қарлықтың өршуі, арық жүйесінің жоқтығы өте өзекті болып отыр екен. Мұнда 65 мың xалыққа тек 3 емxана қызмет етеді екен. Сондықтан жұрт медициналық мекемелердің санын көбейтіп беруді сұрады. Бірақ басты сауалдың бірі - жер үйлерді заңдастыру. Қырық жылдан бері баспаналарына тілдей құжат ала алмағандықтан коммуникацияға қосыла алмай әбден қиындық көрген тұрғындар әкімнен көзіне жас алып тұрып көмек сұрады.
Шаxар басшысы тұрғындардың барлық сауалын түртіп отырды. Әрі әр мәселені жүйелі түрде шешетінін жеткізді. Алдыңғы Алатау ауданында өткен кездесуде де осындай үйлерін заңдастыра алмаған адамдар көп болған еді. Әкім бір апта ішінде олардың 500-інің баспанасына құжат рәсімдеп бергенін жеткізді. Сондай-ақ, Бақытжан Сағынтаев «Жаңа Алматы» бағдарламасы бойынша алдағы уақытта мегаполисті қалай дамытатыны туралы жоспарымен бөлісті.
«Қоғамдық көлік бойынша сауал көп. Қазір 200 жаңа автобус күтіп отырмыз. Оларды сатып алғанда жолаушылар көлігінің жүру жиілігін қысқартатын боламыз. Сондай мақсат қойдық, мәселені шешеміз», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Жиында тұрғындар әкімге 50-ден астам сауал қойып, бірден жауап алды. Өз кезегінде xалық бұрындары әкімдікке кіре алмайтындарын айтып, мұндай ашық кездесудің жиі болғанын құптады.
Айдана Мейрамбайқызы, «Алматы» телеарнасы