Алдымен жаздағы жүздесуді қорытындылаған әкім кейін тек халықтың сұрағына ден қойды. Өткен жолы дүйім елден 150-ге жуық сауал түссе, оның 60-тан астамы оң шешім тапқан. Ал 70 сұраққа тиісті түсіндірме жауап берілсе, 12-сі шешілу үстінде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол кезде халықты толғандырған арық жүйелерін жөндеу, жолды тақтайдай етіп тегістеу, көшені жарықтандыру мәселелері еді. Белгілісі, биыл 6 шақырым суағар жөнделген. Одан бөлек, 43 шақырым арық жүйесінің құрылысына құжат жасалып жатыр. Жарықтандыру мәселесі бойынша да біраз сұрақ шешілген. Аудандағы 204 көшенің 193-сына көше жарығы қойылыпты. Оған қоса, халықты көп алаңдатқан сұрақтардың бірі аулаларды көріктендіру болатын.
«Көріктендіру мәселесіне келсек, ауданда 966 аула бар. Оның 366-сы яғни 38 пайызы жөндеуден өткен. Енді 109 аула алдағы жылы жасалады деп жоспарланып отыр. Одан бөлек, 150 шақты ауланы ретке келтіру мақсатында тиісті құжат жасалынып жатыр. Осылайша біз 625, яғни 65 пайыз көріктендіріледі», – деді Алматы қаласы Әуезов ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.
Дәл қазір өтіп жатқан кездесу сағат 10:00-де басталды. Осы уақыт аралығында 30-дан астам түрлі саладағы сұрақтар қойылды.
Басым бөлігі, ойын алаңдарын орнату, қарт кісілерге демалатын мекен қарастыру, көптеп футбол алаңдарын салуды сұрады. Толығырақ Әуезов ауданы тұрғындарын қандай сұрақ алаңдататыны жөнінде қорытынды жаңалықтарда айтамыз.