Круиздік лайнерде болған қазақстандықтар көп ұзамай елге оралады

Круиздік лайнерде болған қазақстандықтар көп ұзамай елге оралады
Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердінің мәліметінше, отандастарымыздың ешбірі вирус жұқтырмаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Кемеде коронавирус эпидемиясына байланысты болған карантин аяқталды. Мұндай мәліметті Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді беріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оның айтуынша, біздің отандастарымыз дін аман. Сондықтан Жапониядан өз беттерінше қайтады. Қазір жолаушылар лайнерден кезек-кезекпен шығарылуда. Қазақстандықтардың реті әлі келмеген.

«Біріншіден, Құдайға шүкір, біздің азаматтарымыз вирус жұқтырмаған. Мұны лайнердегі тестілеулер көрсетті. Қазір 14 күнге созылған карантин аяқталды. Енді жерге түскенде тағы да жіті тексеріледі. Бұдан соң еліне қайтарамыз. Олар өз қаражатына келеді. Жапония мен Қазақстан арасында тікелей рейстер бар», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар ТІЛЕУБЕРДІ.

Ал коронавирус бойынша карантиннен қашатындар жазаланады. Оларға айыппұл салынбақ. Бұл туралы Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті жетекшісінің орынбасары Нұрқан Сәдуақасов мәлімдеді. Ол елімізде санитарлық бақылау шаралары күшейтілгенін жеткізді. Бұдан былай, коронавирус тіркелген мемлекетерден келгендер үш категорияға бөлініп, жергілікті ақ желеңділердің басты назарына алынбақ.

«Бірінші категорияға Қытай Халық республикасынан соңғы 14 күнде келгендер жатқызылады. Олардың барлғы стационарға екі аптаға карантинге орналастырылады. Бұдан соң 10 күн бойы үйінде медициналық қызметкерлердің жіті бақылауында болады», - деді ҚР ДСМ Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрқан СӘДУАҚАСОВ.

Новости партнеров