Бұл туралы Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді. Айта кетейік, 30-қаңтарда Қазақстанда коронавирустан қорғануға 1 жарым миллиард теңге бөлінгені еді. Вице-премьер қосымша шығындар қазақстандықтарды Қытайдан шығаруға байланысты болып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Қаражат үкіметтік резервтен бөлінді. Коронавирустың таралуына қарсы күрес жұмыстарын жүргізу үшін қажетті дәрі-дәрмектер, бетперделер, тепловизорлар мен басқа да жабдықтар сатып алуға бөлінген. 3,5 миллиард теңге бөлінді. Осы бағыттағы жұмыстарды Денсаулық сақтау министрлігі бақылайды», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.
Әлихан Смайылов отандастарымызға аспан асты еліне саяхаттауды уақытша тоқтатқан дұрыс деді. Бұл азаматтардың жеке қауіпсіздігі үшін. Ал Қазақстан Қытай арасында алыс-беріс тоқтамайды. Дегенмен, вирус ел экономикасына кері әсерін тигізе ме деген сауалға былайша пікір білдірді.
«Экономикамызға соққы береді ме? Жоқ па? Қалай айта аламыз? Біз қазір коронавирус Қазақстанға соққы бермесін деп шаралар қолданудамыз. Егер бұл жұмыстар нәтижелі болса, ешқандай соққы бермейді. Ал егер де көршілес мемлекеттермен радикалды шаралар қолдануымызға тура келсе, әсері болуы мүмкін. Бірақ қазіргі таңда Қытаймен сауда қозғалысын тоқтату бойынша ешқандай шектеулер қойылып отырған жоқ», - деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.