Мемлекеттік органдардың цифрлық платформасын қазақстандық IT-компаниялар жасайды. Бүгін осылай деп цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оның айтуынша, еліміз ресейлік СБЕР платформасынан бас тартты. Сондықтан ведомство елдің цифрлық жүйесін қазақстандық мамандардың көмегімен трансформациялауға бел буған. Ол қазір техникалық-экономикалық талдау жүріп жатқанын нақтылады. Содан кейін цифрлық өзгерістердің құны белгілі болады.
"Қазір геосаяси жағдайға байланысты қысқа да тәжірибелерді қарап, өз күшімізбен НИТ деген біздің мемлекеттік органға кіретіндей жұмыс жасаймыз. Сонда Қазақстандық IT компаниялардың өз күшімен жасалынады сол платформа", - деді ҚР Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакин.
Сондай-ақ Орталық коммуникациялар қызметінде соңғы үш жылда азаматтарға қызмет көрсетуден негізсіз бас тартудың 4 мыңнан астам фактісі анықталғаны айтылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев заңда сондай-ақ, көрсетілмеген құжат сұратып, қолдан кедергі жасау жағдайлары да жиі болғанын айтты. 3 жылда мұндай 129 мың факті тіркелген.
"Мысалы, осы жылдың ақпан айында Қостанай облысы тұрғынының жер мәселесіне қатысты өтініші жер комиссиясымен оң шешілсе де, жер бөлімінің қызметкерлерімен негізсіз бас тартылды. Әрине, мәселеге агенттік араласып, азаматтың құқығы қалпына келтірілді. Алайда азаматтар шағым айтпайтындықтан, бізге белгісіз фактілердің жеткілікті екені анық", - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Берік Беркімбаев.