«Алматы» телеарнасының қызметкері тікелей эфирде сүйіктісіне сөз салды

Almaty.tv
Almaty.tv
Тосынсыйды Қыдыр-жан бірнеше ай бойы жоспарлап, дәл 31 желтоқсан күнгі жаңа-жылдық эфирде ұйымдастырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Алматы» телеарнасының таңғы ақпараттық-сазды «Таңғы студио» бағдарламасының тікелей эфирінде «телеарна дауысы» атанып кеткен Қыдыр-жан Мұхатаев сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасады, деп хабарлайды Almaty.tv  Оның таңдаған аруы да «Алматы» телеарнасында  жұмыс істейді. Интернет бөлімінің шеф-редакторы  Адель Букибаева.

Тосынсыйды Қыдыр-жан бірнеше ай бойы жоспарлап, дәл 31 желтоқсан күнгі жаңа-жылдық эфирде ұйымдастырған. Бағдарлама ұжымымен ақылдасып, екеуін телеарна қызметкері ретінде қонаққа шақырып, сұқбат алады. Алайда сұқбат соңында Қыдыр-жан сүйіктісіне гүл беріп, мәңгі бірге болуға ұсыныс жасайды. Адель саусағына сақина тағып, екі жүрек тікелей эфирде қосылады.

Қыдыр-жан Мұхатаев Адельге үйленіп, отбасын құрғысы келетінін жазда түсінгенін айтады. 

Ол: «Біз ұзақ уақыт кездесіп жүрдік, оның үстіне бір телеарнада қызмет етеміз. Күнде көріскендіктен, бір-біріміз туралы жақсы білеміз, екеуміздің мінезіміз де, арман-мақсаттарымызда да бір арнаға тоғысатын. Жаздың соңында мен оны өзіме жар еткім келетінін түсіндім. Кейде өзара тойымыз туралы әзілдесіп, қалай болатынын өзімізше жоспарлайтынбыз. Бірақ қалай, қашан ұсыныс жасайтынымды білмедім. Соңында ұсынысты тікелей эфирде, Жаңа жыл қарсыңында жасағаныма қуаныштымын», – деді.

Қ.Мұхатаев сақина іздеуде де сарсаңға түскенін айтты.

«Қараша айының басында сақина сатып алдым. Алайда ол ұнамай, айдың соңында үстіне ақша қосып, сол сатушыға қайта барып бәрін түсіндірдім. Бірінші сақинаны өткізіп, өзімнің ойымнан шығатын гауһар тасы үлкенірек екінші сақинаны сатып алдым», – дейді Қ. Мұхатаев.

Сонымен қатар, ол «Алматы» телеарнасындағы барлық әріптестеріне алғысын айтты.

«Менің бұл ойымды қолдаған телеарна басшылығына, бағдарлама ұжымына, сонымен қатар ұсыныс жасайтынымды білсе де Адельге білдірмей жүрген әріптестеріме алғысым шексіз. Себебі жұмыста көп әріптестерім бұл идеямды білсе де, сүйіктіме сыр білдірмей, байқатпай жүрді. Олардың актерлік қабілеттері, шынында, мақтауға тұрарлық екен», – дейді Қадыр-жан.

Новости партнеров