Каирде Мысырдың Уақыптар министрлігінің уағыз зерттеу департаментінің директоры, белгілі теолог Халед Ас-Саид Ғанемнің "Абайдың Қазақстан халқына өсиеттері" атты араб тіліндегі кітабы жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Мысырлық ғалым өз еңбегінде қазақтың ұлы ақыны жазған «Қара сөздерінің» мағынасын, олардың философиялық мәнін, ұлттық тәрбие мен дүниетаным, мораль мен құқық мәселелеріне көзқарасын түсіндіруге тырысты.
«Бұл Халед ас-Саид Ғанемнің Абай мұрасына қатысты және жалпы Қазақстан туралы алғашқы кітабы емес. 2014-2017 жылдары ол "Нұр-Мүбарак" Қазақстан-Мысыр ислам мәдениеті университетінде оқытушы болып жұмыс істеді және қазақ халқының тарихы, діні және мәдениеті туралы көптеген ғылыми еңбектер жазды», – делінген сыртқы істер министрлігінің хабарламасында.
Қазіргі уақытта мысырлық ғалым қазақстандық шығыстанушылармен бірлесіп, "Ұлттық аударма бюросы" ҚР Ұлттық орталығы басып шығаратын Абайдың "Қара сөздері" мен өлеңдерінің жинағын араб тіліне аудару үстінде.