Карантин кезінде дауыс беру қалай жүргізіледі

21.07.2021 17:17

Сайлау учаскелерінде Ashyq жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда

ҚазАқпарат

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек онлайн режимінде ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауын өткізуге дайындық туралы кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетовтың айтуынша, барлық ұйымдастыру мәселелері жергілікті әкімдіктермен бірлесіп шешілді, Сайлаушылар тізімін нақтылау жалғасуда. 22 шілдеден бастап бюллетеньдерді дауыс беру орындарына жеткізу басталады. Сайлау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып өтеді. 

«Шарттардың бірі – сайлау комиссияларының мүшелерін КВИ-ге қарсы вакцинациялау. Бүгінгі күні вакцинациялауға жататындардың 72%-ы толық егілді. Қалғандары вакцинаның бірінші компонентін алды. Сайлау учаскелерінде болатын бақылаушылар мен сенім білдірушілер үш күннен кешіктірмей алынған ПТР тестінің теріс нәтижесін ұсынуы керек», – деді облыстың бас санитарлық дәрігері Юрий Залыгин.

Сайлау учаскелерінде Ashyq жүйесін пайдалану мүмкіндігі қарастырылуда. Сонымен қатар, барлық сайлау учаскелері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі: антисептиктер, бір рет қолданылатын маскалар және қолғаптар. Кіреберістегі температураны өлшеу және әлеуметтік қашықтықты сақтау міндетті. Тәуекелді азайту үшін дауыс беру стендтері алдыңғы перделерсіз болады. Жеңіс Қасымбек санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды толық қамтамасыз етуді, учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуын және мүмкіндігі шектеулі адамдарға жағдай жасауды қайта тексеруді тапсырды.

«Ауыл әкімдерінің алғашқы тікелей сайлауына бірнеше күн қалды. Біздің ортақ жұмысымыз – олардың ашықтығын, айқындығы мен заңдылығын қамтамасыз ету. Әр дауыс маңызды. Ауыл тұрғындары келіп, өз таңдауын жасап, өздерінің конституциялық сайлау құқығын іске асыра алуы қажет», – деп атап өтті облыс әкімі. 

Естеріңізге сала кетейік, Қарағанды облысында ауыл әкімдерінің алғашқы сайлауы 25 шілдеде 149 елді мекенде өтеді. 75 орынға 268 үміткер үміткер: 81 – саяси партиядан және 187 өзін-өзі ұсынған. Болашақ ауыл басшысына 81 мыңнан астам сайлаушы дауыс бере алады.