ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов елдегі машина жасау саласының ахуалы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Машина жасау – жоғары технологиялық сала және экономиканың барлық секторларына қатысы бар. Соңғы 5 жыл ішінде бұл саланың ел экономикасындағы үлесі 1,5 есеге өсті. Өндіріс көлемі 3 есеге өсіп, 3 трлн теңгеден асты. Өткен жылдың өзінде ғана салаға 470 млн доллардан астам шетелдік инвестиция тартылды. Дегенмен отандық машина жасау саласын дамыту мүмкіндігі бұдан да жоғары. Қазіргі таңда саланың ішкі нарықтағы үлесі бар болғаны 13%-ті құрап отыр. Импорт шамамен 20 миллиард доллар көлемінде. Отандық өнімді экспорттау үшін бізде айтарлықтай мүмкіндіктер бар», - деді Смайылов.
Ол атағандай, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің машина жасау өнімдері импортының жалпы көлемі 2021 жылы 141 млрд долларды құрады.
«Яғни, еліміздің аталған нарықтағы үлесін әлі де арттыруға болады. Тағы бір маңызды мәселе – жабдықтардың тозу деңгейі өте жоғары болып отыр. Машина жасау саласындағы бұл көрсеткіш орта есеппен 40%-ға жуық. Сондықтан оны мүмкіндігінше жаңғырту керек. Ең алдымен, шағын және орта бизнес үшін қаржы көздері қолжетімді болуы тиіс. Оның ішінде Өнеркәсіпті дамыту қорының желісі бойынша қаржыландыру жүйесін жетілдіру керек. Мұнай-газ машиналарын жасау секторының да даму әлеуеті жоғары. Қазір бұл саладағы өндіріс көлемі шамамен 160 млн долларды құрайды. Ал импорт 1,6 млрд доллардан асады», - деді ол.
Смайылов атағандай, отандық жаңа өндірістерді құруға жәрдемдесу үшін 2020 жылы ірі жер қойнауын пайдаланушылармен бірлесіп, Халықаралық мұнай-газ машина жасау орталығы ашылды.
«Жергілікті өндірушілердің әлеуеті мен жоғары қызығушылығын ескере отырып, осы бағыттағы жұмысты күшейту қажет. Сонымен қатар ауыл шаруашылығындағы машина жасау саласына тоқталғым келеді. Қазіргі уақытта еліміздің ауыл шаруашылығы техникасы паркінің тозу деңгейі шамамен 76%-ке жетіп отыр. Былтыр отандық кәсіпорындар 15 мыңнан астам ауыл шаруашылығы техникасын жасап шығарды. Бірақ бұл жеткіліксіз. Дихандарға жаңа техника қажет», - деді ол.
Смайылов сол үшін өндіріс қарқынын арттыру қажет екенін айтты.
«Ол үшін бізде барлық қажетті құралдар мен мүмкіндік бар. Өнеркәсіптік кооперация мәселелерін ерекше атап өткен жөн. Бүгінгі таңда бізде General Motors, Alstom, General Electric, Daewoo Bus, Hyundai және басқа да әлемдік жетекші компаниялармен бірлескен кәсіпорындар табысты жұмыс істеуде. 2020 жылы Қарағанды облысының Сарань қаласында іске қосылған техника мен автобустар шығаратын зауыт өнеркәсіптік кооперацияның жақсы мысалы. Оның қуаты – жылына 1200 көлік құралы. Кәсіпорынға 12 млрд теңге инвестиция салынды, толық қуатында жұмыс істеген соң онда 1000-ға жуық адам еңбек ететін болады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Машина жасауды дамытудың 5 жылдық кешенді жоспары әзірленуде», - деді ол.
Оқи отырыңыз: Қазақстан Өзбекстанмен бірлесіп автомобиль шығарады