|
20.09.2021 | 13:16
8619

Ақын, жазушы Рафаэль Ниязбек өмірден озды

Ақпаратты Қазақстан Жазушылар одағы растады

Ақын, жазушы Рафаэль Ниязбек өмірден озды lenta.inform.kz

79 жасқа қараған шағында көрнекті ақын, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері, Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Рафаэль Ниязбеков дүниеден озды,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ақпаратты Қазақстан Жазушылар одағы растады.

Рафаэль Ниязбек 1943 жылы 24 наурызда Жамбыл облысы Талас ауданының қазіргі Тамабек ауылында дүниеге келген.

Р. Ниязбек 1978 жылы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін тәмамдаған. 

1967 жылы Қазақ радиосы әдебиет редакциясында қызметке орналасқан. 

1971-1977 жылдары «Жұлдыз» журналында, 1977-1991 жылдары «Жазушы» баспасында редактор болып істеген. 

1972 жылы сыншылардың Бүкілодақтық кеңесіне қатысқан. Қазақстан Жазушылар одағының I. Жансүгіров атындағы сыйлығының иегері. Шешенстан Республикасы Жоғарғы Мемлекеттік «Ұлт намысы» орденінің иегері. Шешенстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты. Б. Момышұлының 90 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бас жүлдегері. Тараз қаласының 2000 жылдығына арналған республикалық ақындар мүшәйрасының бірінші жүлдегері.

Қаламгердің «Қаратау мен Алатау», «Темірқазық», «Жалын кешкен», «Жер жанары», «Өркен», «Биіктей бер, тауларым», «Жетіген», «Тамұқ отына жанбаған», «Шешендер», «Ичкерия» атты жыр кітаптары жарық көрген.

Шығармалары орыс, украин, шешен, түрік тілдеріне аударылған. М.Румянцеваның, А.Чепуровтың, Қ.Құлиевтың, Д.Кугильтиновтың, К.Туйорскийдің және басқа да ақындардың өлеңдерін тәржімалаған.

Оның «Отағасы», «Қаңтар», «Қызғыш құс» сияқты повестері, «Қызыл үй», «Тас құдай» атты романдары жарияланған. «Тас құдай» романында кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясаты, сол кезеңнің ауыр тұрмысы, ашаршылық зардаптары суреттелген. «Тамұқ отына жанбаған» деген шер-дастаны көрнекті мемлекет қайраткері А. Асқаровтың қызыл империяның кесірлі кесапатына ұшырап, азап шеккен қилы тағдырына арналған. 

2002 жылы жарық көрген «Қыдыр ғұмыр» деп аталатын кітабында Д.А. Қонаевтың өмір жолдары өлеңмен суреттелген.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир