|
18.09.2020 | 15:04
5959

СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошағы анықталып, 7 мың құс қырылып қалды

Өңірдің эпизоотиялық жағдайы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауында

СҚО-ның 7 ауданында құс тұмауының ошағы анықталып, 7 мың құс қырылып қалды inform.kz

Солтүстік Қазақстан облысында үй құстарының неден мерт болғаны анықталды. Мамандар өңірдің 7 бірдей ауданында құс тұмауының ошағын тапқан. Соның салдарынан 7 мың құс қырылып қалды. Қауіпті індеттің таралуына байланысты 10 елдімекен карантинге жабылады, деп хабарлайды өңірдегі Almaty.tv тілшісі.

Облыстағы Тимирязев, Тайынша, Жамбыл, Қызылжар, Шал ақын, Ғ.Мүсірепов, М.Жұмабаев аудандарының құс тұмауы тіркелген ауылдарына ертен блокбекеттер қойылады. Ал бұл – Қызылжар ауданына қарасты Якорь ауылы. Мұнда құстар кенеттен қырыла бастаған. Ауыл тұрғындары бірнеше жылдан бері үйрек-қаз өсіріп, қыста саудалап күндерін көрген. Сондықтан бұл жағдай олардың кәсібіне үлкен соққы.

«500 қаз ұстадым. Құстар 5 күн бұрын қырыла бастады. Жүздейі ғана қалды. Броллер тауығы да жаппай мерт болып жатыр. Өліктерді бөшкелерде жағып жатырмыз, басқа амал жоқ», – деді тұрғын Александр Засыпкин.

Жалпы, үй құстары мен жануарларға екпе салу үшін 780 мың отандық препарат бөлінді. Науқан індет ошақтарында және Ресеймен шекаралас елдімекендерде жүргізіледі. Абырой болғанда, құс тұмауы ірі кәсіпорындарға жеткен жоқ. Бірақ жеке шаруашылықтар шығынға белшеден батып жатыр.  

«Қазіргі шығын 1 миллион 850 мың, менің санауым бойынша. Бұл біздің жалақыны санамағанда. Мен 6 миллион 200 мыңға тапсыруым керек еді бұл қазды. Бір қаздың басын орта есеппен санаған кезде 6 мыңнан сатылады», – деді шаруа Жаңалық Салғарин.

Республикалық бюджет есебінен құсы қырылған тұрғындарға өтемақы берілетін болды. Құстың түріне, жастық тобына қарай нарықтағы орташа бағасы бойынша өтемақы төленеді. Қазір СҚО ветеренария басқармасының мал дәрігерлері үйлерде қанша құс өлгенін есептеп жатыр.

«Облысымыздағы жаңағы айтқан ошақтар бойынша қаулы қабылданғаннан кейін біз әрі қарай іс шараларды өткіземіз. Қазіргі таңда тек қана мониторингтік жұмыстар өткізіліп жатыр. Біздің мал-дәрігерлік мамандар үйлерді аралап қаншама құс бар екенін, қаншама құс өлімге ұшырағанын анқытаумен жүр және де мал иелері арасында насихаттау жұмыстары жүргізіліп жатыр», – деді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Берік Әлжанов.

Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті құс тұмауы тіркелген ауылдардан құсты және құс өнімдерін шығаруға тыйым салды. Тіркелген ауру адамға жұқпайды, құстың еті мен жұмыртқасын 70 градус температурада қайнатып асқа қолдануға болады. Болжам бойынша қанаттылар ауруды жабайы құстардан жұқтырған.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир