|
12.08.2019 | 14:27
3568

Алматыда «Құрметті құрылысшылар» марапатталды

Биыл Алматыда 2 млн 100 мың шаршы метр құрылыс жүргізіледі

Алматыда «Құрметті құрылысшылар» марапатталды Almaty.tv

Биыл мұндай марапатқа 10 адам лайық деп танылған. Үздіктер Арыстағы апаттан зардап шеккендерге алғаш болып қол ұшын созған. Ел басына іс түскенде бірден көмекке ұмтылған мәртебелі мамандық иелеріне төсбелгілерді Үкімет басшысы Асқар Мамин табыстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Тамыз айының екінші жексенбісі елімізде құрылысшылардың кәсіби мерекесі ретінде тойланады. Мерейлі күн қарсаңында Премьер-Министр мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев құрылыс саласы қызметкерлерін құттықтап, олардың еңбектерінің ерен екенін атап өтті. Қала дамуына қарымды үлес қосқандар әкімнің алғыс хатын арқалады.  

«Арыста болған апатқа байланысты біздің ұжым да алғашқылардың бірі болып көмек қолын созды. Компаниямыз қираған 300 үйді жөндеп беруді өз мойнына алды, оның ішіндегі 60 баспананы Алматы қаласы филиалы қалыпқа келтіреді. Біз үйлердің сыртқы қасбеті мен шатырларын бүтіндеп береміз. Одан бөлек, қаржылай да көмек бердік. Бүгін міне, күтпеген жерден «Құрметті құрылысшы» атағын алып жатырмын. Өте қуаныштымын. Бұл бізге шабыт береді», – деді  «Bi Group» құрылыс компаниясы алматы қаласы филиалының директоры Айдос МҰҚАТАЕВ.

Алматы жыл сайын көркейіп, биік үйлер мен зәулім ғимараттар бой түзеп келеді. Бұл нысандардың барлығында құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сондықтан құрылысшы еңбегi қашан да құрметке лайық екені сөзсіз. Биыл Алматыда 2 млн 100 мың шаршы метр құрылыс жүргізіледі. Оның 75 мың шаршы метрі мемлекеттік бағдарлама бойынша тұрғызылатын пәтерлер болмақ. Жыл басынан бері қалада 1 жарым мың отбасы қоныс тойын тойлады.

«Бүгінде құрылыс саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі болып табылады. Өткен 7 айдың қорытындысы бойынша құрылыс саласының өсу қарқыны 11 пайызға жуықтады. Ал, экономикамыз жалпы алғанда 4 пайызға дамыды. Демек, құрылыс саласы экономиканы дамытуға серпін беріп отыр. Мұның барлығы сіздердің жанкешті еңбектеріңіздің арқасындағы көрсеткіш. Сондықтан, Қазақстанды көркейту жолындағы күнделікті жұмыстарыңызға табыс тілеймін!», – деді  ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир