Шетелден 1 қыркүйекке дейін әкелінген көліктер 2024 жылдан бастап заңдастырылады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін Қазақстанға әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру туралы түсіндірді. Қазір бұл үшін мемлекеттік органдар барлық қажетті заңнамалық және ұйымдастырушылық іс-шараларды қабылдап жатыр. Экологиялық және Салық кодекстеріне түзетулер әзірленді. Азаматтар бастапқы тіркеу үшін 200-250 мың теңге көлемінде ғана алым төлейтін болады. Заңдастыру кезінде утильалым төленбейді. Кодекстерге түзетулер келесі жылдың қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондықтан заңдастыру келесі жылдан бастап жүргізілетін болады. Кейінірек әкелінген автокөліктер заңдастыруға жатпайды және жалпы негізде тіркеледі», - деді ол министрліктің баспасөз қызметі алаңында өткен брифингіде.
Оның атап өтуінше, бүгінгі таңда ІІМ және басқа да мемлекеттік органдар автокөліктерді заңдастыруды барынша қарапайым және түсінікті ету тәсілдерін әзірлеуде. Автокөліктерді заңдастыру үшін полицияға онлайн-өтініш беру мүмкіндігі пысықталуда. Полициямен байланыс орталықтарының жұмысы ұйымдастырылады. Тіркелген көліктерге қарапайым ақ нөмірлер беріледі. Полиция қандай да бір шектеулер қоймайды.
«Еуразиялық экономикалық одақтың тауары болып табылмайтын автокөліктер кедендік баждарды төлеуі тиіс. Бұл үшін Қаржы министрлігі азаматтарға қолайлы кедендік декларациялау тетіктерін әзірлеуде. Заңдастыруды өткізудің барлық шарттары әзірленгеннен кейін Үкіметтің тиісті қаулысы қабылданатын болады. Айта кету керек, заңдастыруға «қылмыстық« және кедендік бақылаудан өтпеген автокөліктер кірмейді. Автокөліктердің шығарылған жылына және экологиялық санаттарына қарай талаптар жоқ. Қалған талаптар бойынша шешім қазір ұлттық және халықаралық заңнаманы ескере отырып қабылдануда», - деді Шұғыла Тұрлыбек.