Алматыда төсек тартып жатқан әйелдің үйіне бөтен 26 адам «кіріп» алған

Алматыда төсек тартып жатқан әйелдің үйіне бөтен 26 адам «кіріп» алған
Алматы тұрғыны пәтеріне 30-ға тарта адамның заңсыз тіркелгенін айтып шағымданды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда үш бөлмелі пәтерге иелерінен бөлек 26 адамның тіркелгені анықталды. Небәрі 60 шаршы метр жерге осыншама адамды кім және қалай тіркегені беймәлім.

Үй иесі 10 жылдан бері төсек тартып жатыр. Ал, бұл сорақылықты оның қыздары халыққа қызмет көрсету орталығына құжат мәселесімен барғанда кездейсоқ білген, деп хабарлады ktk.kz.

Гауһар Ахметова халыққа қызмет көрсету орталығына күнде келеді. Өйткені, жарты жыл бұрын оның пәтерінде өзі танымайтын 26 адамның тіркеуде бар екені анықталған. Ең қызығы, олар 6 жылдан бері тізімде тұр. Гауһар бұл бассыздыққа Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар кінәлі деп есептейді.

«Менің анамнан басқа ешкімнің тіркеуге қақысы жоқ. Себебі ол үйден шықпайды. Миграцияға келмейді, қол да қоймайды. Ешкім де тіркеу керек деп сұрап жатқан жоқ», - дейді Гауһар Ахметова.

Пәтер иесінің қыздары халыққа қызмет көрсету орталығындағылар бұл мәселені шешуге құлықсыз деп налиды. Тіпті, олар белгісіз адамдарды тіркеуден шығару үшін үй иесі, яғни, анасының келуі міндетті деп шығарып салады екен. Алайда, апалы-сіңлілі Ахметовалардың анасы екінші топтағы мүгедек. Төсекке таңылған. Сондықтан, ешқайда шыға алмайды. Ал, тіркеудегі бөгде адамдардың айыппұлдары бірінен соң бірі пәтерге келіп жатыр.

«Ай сайынғы пәтер ақысының түбіртек астына 15-20 көліктің айыппұлдары келеді. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін коллекторлар мен сот орындаушылары үйге күнде келеді. Әке-шешем өздігінен сыртқа шыға алмайды. Тіпті жеке куәлікті жоғалтып алған кезіміз болған емес», - деп ашынды үй иесінің қызы Ләззат Ахметова.

Алматыда әр адам 15 шаршы метрден кем аумаққа тіркелмеуі керек. Сондықтан мұндай олқылыққа жол бергендерді құзырлы мекеме анықауға кірістік деп сендірді.

«Қазіргі таңда ішкі істер департаментіне қарасты көші-қон қызметінің өкілдері қызметтік тексеруді қолға алды. Егер барлық дерек айқындалатын және дәлелденетін болса, оны жасаған лауазымды тұлғалар міндетті түрде тәртіптік жауапкершілікке тартылады», - дейді Алматы қалалық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек.  


Новости партнеров