Биыл қаңтар-қыркүйекте кәсіпорындар 13,5 млрд дана сигарет, сигара, шылым және темекінің басқа да өнімдерін шығарған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 15%-ға артық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Energyprom.kz-ке сілтеме жасап.
2022 жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша жергілікті компаниялар сигарет пен шылымға деген сұранысты (ішкі нарықта сату және экспорт) 60,1%-ға қамтамасыз еткен. Былтырғы көрсеткіш – 77,9%. Импорттың үлесі – 39,9%.
Қазақстанға 7,8 млрд дана сигарет пен шылым жеткізілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 есе көп (бұл кезеңде өндірістің жылдық өсімі 15,4% болды).
Экспорттың үлесі пайдаланылған ресурстардың 22,5%-ына жетті. Бір жыл бұрынғы көрсеткіш – 8,9%. Атап айтқанда, бұл 4,4 млрд темекі өнімі, бір жыл бұрынғыдан 3,8 есе көп.
Ішкі сатылымдар өткен жылмен салыстырғанда 27,1%-ға өсіп, 15,2 млрд дана болды.
Биыл екінші тоқсанда үйлердің темекі өнімдеріне жұмсаған шығыны 11,2 мың теңгеге жетті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,8%-ға көп.
Еліміз бойынша Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары көп шылым тартады: екінші тоқсанда облыстағы әрбір үй орта есеппен темекі өнімдеріне 19,5 мың теңге жұмсаған. Кейін тізімде Павлодар (18 мың теңге) және Шығыс Қазақстан (17,7 мың теңге) облыстары тұр.
Темекі өнімдеріне ең аз ақша жұмсаған шымкенттіктер болды. Олар бар болғаны 1,7 мың теңгеге шылым сатып алды.
Биыл қазанның қорытындысы бойынша фильтрі бар сигареттер бір жылда 16,4% қымбаттаған. Баға Шығыс Қазақстан (21,6%) және Ақмола (20,5%) облыстары мен Алматы (19,3%) қаласында айтарлықтай көтерілген. Ал Алматы облысында шылымның (11%) бағасы өспеген.