Жас натуралистер үйірмесін Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі ұйымдастырды
9-16 жас аралығындағы мектеп оқушылары жазғы уақытта зоологияны оқып, жануарларды тамақтандырып, қоршауын тазалады, сонымен қатар қаланың музейлеріне барды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жас натуралистер үйірмесін Алматы хайуанаттар бағының әкімшілігі ұйымдастырды. Зоомектептегі сабақтың ерекшелігі жануарлар әлемін тереңірек зерттеу және ондағы аң-құстарды көзбен көріп, жақынырақ танып-білу.
«Балалар жаз бойы сабаққа қуанып барды, бұл зоомектепке және жалпы хайуанаттар бағына деген қызығушылықтың көрсеткіші. Біз геймификация элементтерін қолданамыз, балалардың жануарларға деген қызығушылығы мен сүйіспеншілігін арттыруға тырысамыз. Жануарлар, табиғат және қоршаған әлем туралы көбірек білгісі келетін балалар үшін әр сәрсенбі сайын қосымша таңдау пәндерін өткіземіз. Мектепке балаларды оқу жылының соңында – мамырда қабылдадық. Ал тамыз айының соңында біздің оқушылар емтихан тапсырады, бұл алған білімді бекіту және өткен материалды қорытындылау», - деді Алматы хайуанаттар бағындағы зоомектептің жетекшісі Любовь Сачкова.
Сабақ тегін, жұмыс күндері екі тілде, екі ауысымда өткізіледі. Сондай-ақ балалар экологияны, ветеринария және зоотехника негіздерін, герпетологияны, орнитологияны және биологияның басқа да бағыттарын зерттейді. Ұйымдастырушылар бұл білім балаларға болашақ мамандығын анықтауға көмектесетініне сенімді.
«Курс біткен соң әрбір бала жас натуралист атанып, сертификат алады. Қыркүйек айында Алматы хайуанаттар бағында қысқы зоомектепке қабылдау басталады. Бұл туралы ақпарат Алматы мәдениет басқармасы мен хайуанаттар бағының @almatymadeniet және @almatyzoo ресми Instagram парақшаларында жарияланады», - деп сөзін түйіндеді зоомектептегі қазақ тобының жетекшісі Жансая Ахметкәрімова.