Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев Арыс қаласындағы әскери арсеналды басқа жерге көшіру бойынша есеп берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Арыс қаласындағы арсеналдан оқ-дәрілер мен қару-жарақты көшіру жұмыстары белгіленген мерзімнен бұрын басталды. Яғни, 5 шілдеде қару-жарақтың бәрі басқа жерге тасылды. Қазіргі уақытта оқ-дәріні шығару жұмыстары жалғасып жатыр. Алғашқы вагондар жүріп кетті», – деді Ермекбаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Министрдің айтуынша, снарядтарды басқа жерге шығару жағынан бірқатар қиындық бар. Мәселен, бұрын әскери қоймаға екі темір жол келіп тұрған. Кейін оның біреуін бұзып, орнында мектеп пен үйлер салып тастады. Осыған байланысты оқ-дәріні алдымен көлікке, одан кейін темір жолға тиеуге тура келіп отыр.
«Жалпы, бүгінде нақты кесте бар. Оған сәйкес, 28 мың тонна оқ-дәрі шығаруымыз қажет. Ол, шамамен, 817 вагон. Жоспар бойынша барлық жұмыс 2020 жылдың мамырына дейін толығымен аяқталады», – деді Ермекбаев.