Отан қорғаушылар күні: Былтыр елімізде шекара тәртібін бұзған 23,5 мың адам ұсталған

Бес мемлекетпен шектесіп, жалпы ұзындығы 15 мың шақырым болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара заставасы құрылған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Отан қорғау – абыройлы міндет! Осы міндетті бүгінде шекарашылар мінсіз атқарып келеді. Ел шебінің қауіпсіздігін қалтқысыз қорып, бейбіт тірлігімізді күзетуде дәл осы шекарашылардың еңбегі орасан. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, күндіз-түні халқымызға қорған болған жауынгерлер былтыр мемлекеттік шекара тәртібін бұзған 23 мыңнан астам адамды ұстаған. Олардың қатарында ел арасына іріткі салуды көздеген арам пиғылды қылмыскерлер де бар деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шекараны айқындап, оны құжатпен шегендеп бекіту – әрбір мемлекеттің басты мәселесі. Сол заңды түрде бекітілген шекараны сырттағы көз алартқан жаудан қызғыштай қорғау екінің бірінің қолынан келе бермейді. Жауапты міндет тек нағыз ер жүрек, намысты, ең бастысы, Отанын шексіз сүйетін ер азаматқа ғана жүктеледі. Бүгінде бес мемлекетпен шектесіп, жалпы ұзындығы 15 мың шақырым болатын шекарамызда 300-ге жуық шекара заставасы құрылған. Соның бірі – «Бөдеті» заставасы. Мұнда сайдың тасындай іріктелген сарбаздар қызмет етеді.

Шекара қызметі жылдамдық пен үлкен жанкештілікті талап етеді. «Жау жоқ деме – жар астында» деген мақалды жадына мықтап түйген сарбаздар мұнда босаңсуға уақыт жоқ дейді. Әрбір секунд санаулы. Мемлекет атынан бұйрық алып ел бекінісін күзетуге шыққан жауынгер алдында не күтіп тұрғанын білмейді. Жасаққа қайта аман оралмай қалулары да әбден мүмкін. Соған қарамастан, күн мен түнді елемей, ел шебін қызғыштай қорғайды. Бұл қызметте бұйрық талқыланбайды. Темірдей тәртіпке нағыз жаужүректері ғана шыдай алады.

«Ата-анаңнан, туған-туыс, дос-жараңнан алыстасың. Бірақ, Отан қорғауың керек, біз үнемі өзімізді осыған дайындаймыз. Шекарашы әрдайым физикалық тұрғыдан, моральдық жағынан дайын болып тұру керек. Мемлекеттік шекараны бұзған адамды кездестірген кезде сен отан үшін өз жаныңды қиюға әрдайым дайын болу керексің», - дейді «Бөдеті» шекара заставасының жауынгері Расул АБАЕВ.

Шекаралас жатқан мемлекеттердің достығы мен ынтымақтастығы тек президенттердің ғана тіл табысуымен өлшенбейді. Қарайғанды қалт жібермей күзетіп тұрған қарауылдың да шалт қимылы көршілес елді елең еткізіп, арада үлкен дау тудыруы әбден мүмкін. Сондықтан, шекарашыларға артылған жүкті нар да көтермес. Қырағылық – олардың бірінші қасиеті болуы тиіс.

Мемлекеттік шекараның тұтастығы мен қол сұғылмаушылығын қалтқысыз қоруда материалдық техниканың маңызы да орасан. Қазір шекара қызметінің әрбір жасағы заманауи құрылғылармен жабдықталған. Әр заставада жау көрсе жатпайтын арнайы үйретілген 5 қызметтік итке дейін еңбек етеді. Ал, жауынгерлер күнделікті күзет барысында автоматтан бастап, әуеде ұшақ, теңіз бен суда кемелерге дейін қолданады. Бірақ оңды-солды оқ атылмайды.  

«Оқ ататын жағдай өте сирек кездеседі. Ол жаңағы өзіңе қарсылас шыққан кезде, шекарашының заңды тоқта деген талаптарын тыңдамағанда және шекарашының өміріне, денсаулығына қауіп төнген кезде ғана ең шектік шара ретінде қолданады. Көбінесе қаруды қолданбай ұстауға тырысамыз», - дейді ҚР ҰҚК ШҚ 2534 әскери бөлімі командирінің орынбасары Нұрғали НҰРМАНОВ.

Мемлекеттік шекараны күзетуде темір бақылау мұнарасының маңызы зор. Мұнда 3 жауынгер таңның атысы мен кеш батқанша кірпік қақпай шекараны қориды. Олар ел бекінісінде болып жатқан қандай да бір өзгерістер мен қалт қимылдарды бірінші болып байқап, өзге заставаларға бірден хабарлайды.

Былтыр елімізде мемлекеттік шекара тәртібін бұзған 23 мың 500 адам ұсталды. Олардың 14 мыңы көші-қон заңын аяққа таптаған болса, 300-ден астам контрабандалық тауарларды алып өту дерегі тіркелген. Міндеттерін мінсіз атқаратын шекарашылар жыл басынан бері 7 келі героин тәркілеп, 293 рет қару-жарақты заңсыз алып өтпек болғандардың жолын кескен. Айта кетсек, шекарашылар сапындағы маңызды міндеттер десанттық шабуылдаушыларға жүктеледі. Бұл құрылымға «сен тұр, мен атайын» дейтін кіл мықты жауынгерлер іріктеліп алынады.

«Бұл сарбаздар арнайы тапсырманы орындаумен айналысады. Ең алдымен ұрыстық жағдайларда әрекет ету және операцияларға қатысу, шекаралық іздеулерге қатысут сынды тапсырмаларды орындайды. Қалған бос уақыттарында бұл бөлімше жауынгерлік дайындықпен айналысады. Өздерінің кәсіби шеберлігін, ұрыстық әзірлігін шыңдайды», - дейді ҚР ҰҚК ШҚ 2534 әскери бөлімі командирінің бірінші орынбасары Рауан ҚОНҚАБАЕВ.

Қазір шекарашы болам деушілердің қатары көбейген. Бірақ, бұл абыройлы міндетті атқару әрбір жауынгерге бұйыра бермейді. Тек сайдың тасындай іріктелгендерге ғана жүктеледі. Өйткені шекарашыларға қойылатын талап тым қатаң. Әскерге шақырылған сарбаздардың ішінен бұл қызметке ең ерекше батылдары, төзімділері және саясаттан хабары бар, көзі ашық, көкірегі ояулары жіберіледі. Олар әскери бөлімде 3 ай дайындықтан өтіп, машықтанған соң, бірден ел күзетуге кіріседі. Ал, бір жылдан кейін білімін жетілдіріп, келісім-шартпен қызметін жалғастыра беруіне мүмкіндік бар.

Елді қорғау қауіпті қызмет. Десе де, ұлан ғайыр қазақ даласын кірпік қақпай қорып жүрген шекарашылар кез-келген құрметке лайық!

Айдана Мейрамбайқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров